Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдарды жаңғырту жұмыстары биыл да қарқынды жалғасады. Өңірде жалпы ұзындығы 424 шақырым жол жөндеумен қамтылып, оған 59 млрд теңге қарастырылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК СҚОФ директоры Талғат Смағұлов облыс әкімдігінде өткен отырыста мәлімдеді. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстандағы республикалық жол желісінің жалпы ұзындығы 1970 шақырымды құрайды. Оның құрамында 26 көпір мен жол өткелі, сондай-ақ 607 су өткізу құбыры бар.
«Бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың 92,8 пайызы немесе 1828,7 шақырымы нормативтік жағдайда тұр. Дегенмен транзиттік және өңіраралық қатынас үшін маңызды бағыттарды толық жаңарту жұмыстары жалғасуда», — деді Талғат Смағұлов.
Ең ірі жобалардың бірі — М-51 «Ресей шекарасы (Челябіге) – Ресей шекарасы (Новосібірге)» тасжолының Мамлютка қаласынан «Жаңа Жол» автомобиль өткізу бекетіне дейінгі 30,2 шақырым учаскесін реконструкциялау.
17,3 млрд теңгелік бұл жобаны «КазСтройТехник» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде 13,9 млрд теңге игерілген. Ал биыл тағы 3,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 27,6 шақырым жолдың төменгі қабаты төселіп, көлік қозғалысы ашылған. Мамандар жоғарғы негіз қабатын салу жұмыстарын жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ 2024 жылдан бері А-13 «Көкшетау – Омбы» автожолының екі ірі бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 57 шақырым болатын бұл жобаларға ондаған миллиард теңге бағытталған.
Бірінші бөлік — Дәуіт пен Талшық ауылдары аралығындағы 26 шақырым. Мұнда жобаның құны 11,6 млрд теңге болса, биыл 5,5 млрд теңге бөлінген.
Екінші бөлік — Талшықтан Кішкенекөлге дейінгі 32 шақырым. Бұл учаскенің жалпы құны 20,5 млрд теңгені құрайды. 2026 жылға 5,7 млрд теңге қарастырылған.
Талғат Смағұловтың сөзінше, екі нысанда да жұмыс қызу. Қазір айналма жолдар салынды, жолдың бірнеше техникалық қабаты төселді. 11 су өткізу құбыры орнатылды. Бұдан бөлек, көпір құрылысының 74 пайызы, жол өткелінің 21 пайызы аяқталған.
«Қазіргі таңда нысандарда 92 техника мен 144 жұмысшы жұмылдырылған. Биыл осы екі учаскеде де жолдың төменгі жабын қабаты бойынша қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз», — деді ол.
Орташа жөндеу жұмыстары да ауқымды. Биыл облыс бойынша тағы 337 шақырым республикалық жол орташа жөндеуден өтеді. Қазірдің өзінде 12 жоба бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалған. Оның алтауы — осы жылы басталған, алтауы — өткен жылдан жалғасып жатқан жобалар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жол апаты көбейген: прокуратура жауапты органдарға шұғыл шара қабылдауды тапсырды

