Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының саны соңғы он жылда екі жарым еседен астам өскен. Бұл мәселе облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінде қаралды, деп жазады Qazaqstan Media.

Прокуратура дерегінше, өңірде жол апаттарының саны 227-ден 593-ке дейін артқан. Зардап шеккендер саны да күрт көбейген. 329 адамнан 840 адамға дейін жеткен.

Биылғы жылдың алғашқы үш айында ғана облыста 100 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 15 адам көз жұмды. Олардың үшеуі — кәмелетке толмаған бала. Тағы 131 адам жарақат алған, оның ішінде 17 бала бар.

Облыс прокуроры жол апаттарының негізгі себебі әлі де жол жүрісі қағидаларын сақтамау екенін атап өтті. Алайда тек жүргізушілер ғана емес, жауапты органдардың жұмысында да олқылық көп.

Прокуратура талдауы кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, кей жол апаттары есепке алынбай жасырылған, әкімшілік істер заңсыз тоқтатылған, жүргізушілерді жол ережесі бойынша қайта емтихан тапсыруға жіберу туралы қаулылар шығарылмаған. Сонымен қатар жол нұсқамалары орындалмай, автомобиль жолдары сапасыз жөнделіп, дұрыс күтіп ұсталмаған.

Бұдан бөлек, кейбір автомектептерде қажетті оқу-материалдық база жоқ екені белгілі болды. Ал медициналық көрсеткіштері бойынша көлік басқаруға болмайтын адамдарды жүргізуші құқығынан айыру бойынша да тиісті шаралар қабылданбаған.

Қайрат Әбдіханов заңсыз жолаушы тасымалы мәселесіне де тоқталды. Кей тасымалдаушылар жолаушыларды тиісті сақтандырусыз тасып жүрген. Бұл апат болған жағдайда адамдардың құқығын қорғауды қиындатады.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты органдарға өңір жолдарындағы апаттылықты төмендетуге арналған ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Аудан әкімдері мен Петропавл қаласы әкімінің дербес жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды.

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-ға жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, өңірдегі апаттылықтың интерактивті картасын әзірлеуді аяқтау тапсырылды.

Тағы оқыңыз: «Нашақорлыққа жол жоқ!» — Уәлиханов ауданында ауқымды профилактикалық шара өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *