Тамыздың ортасында «Жас Өркен» ықшам ауданындағы емхананың құрылысы аяқталады

Тамыздың 15-іне қарай жыр болған «Жас Өркен» ықшам ауданындағы көпбейінді емхананың құрылысы аяқталып қалады. Бұл жайында іске жауапты мердігер Андрей Капустин облыс әкімі Айдарбек Сапаровқа айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бүгін өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров жергілікті журналистермен бірге Петропавлда құрылысы сағызша созылып кеткен нысандарды аралап, баспасөз турын өткізуде. Бір топ адам алдымен «Жас Өркен» ықшам ауданында бой көтеріп жатқан көпбейінді емханаға барды. Негізі жоспар бойынша медициналық мекеме өткен жылы қолданысқа тапсырылуы керек еді. Алайда, мердігерлер уақытынан кешіктіріп, іске үлгере алмай жатыр.

«Былтыр мердігерлер республикадан бөлінген қаражатты игере алмады. Сондықтан осы жылы жергілікті бюджеттен қайтадан қаржы бөлінді. Істің тоқтап тұруына мердігерлерді кінәлай алмаймыз. Өйткені, серіктестік ғимаратты қаптау үшін сыртқы материалдарға тапсырыс беріп, ақшасын төлеп қойған. Алайда, жеткізушілер мердігер компанияны алдап кетті. Қазір екі тарап соттасып жатыр. Ал, керекті материалдар тікелей зауыттан алынбақшы», – деді Айдарбек Сапаров.

Қазір емхананың іші-сырты мен маңайын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы аталғанына қатысты да проблема туындап тұр. Бұл жерде сүрілуі тиіс тұрғын үй бар. Сол үшін де жұмыс қарқыны бәсеңдеп тұрған көрінеді. Бұл ретте аймақ басшысы сот болып жатқанынын, Петропавлдың жаңа әкімі істі біржақты етуге кіріскенін айтып қалды.

Демек, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады. Айдарбек Сапаров өз сөзінде емхана құрылысын жуық арада аяқтап, халық игілігіне тапсыру қажеттігін атап өтті.

«Біздің учаскеде құрылысшылар тапшы. Қазір қалада құрылыстың қызған шағы болғандықтан, адам жетіспейді. Бізге 50 маман қажет, осыдан да жұмысымыз ілгерілемей тұр. Дегенмен, шаруаның 90 пайызы тындырылды. Енді қажетті медициналық қондырғыларды орнатып, маңайын реттестіріп, қолданысқа тапсыруға ниеттеніп отыр. Жоспар бойынша, шамамен тамыздың 15-іне қарай құрылыс толықтай аяқталады деген үміттеміз», – деді «Альфа-Север» ЖШС директоры Андрей Капустин.

Тағы оқыңыз: Мас күйде көлік тізгіндеп, кісі қағып кеткен солтүстікқазақстандық 6 жылға сотталды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x