Тайынша қаласында хоккей корты ашылды

Жаңа жыл қарсаңында Тайынша ауданының орталығында жаңа хоккей корты ашылды. Оның құрылысына 186 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бүгін Тайынша қаласында көптен күткен мереке. Мұнда жаңадан салынған хоккей корты пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылуына қала тұрғындары, спортшылар мен Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов қатысты.

«Тайынша ауданындағы спорт сүйер қауым үшін жабық мұз айдынының ашылуы көптен күткен оқиға!  Енді балалар осындай тамаша спорт нысанында коньки теуіп, ойнауға мүмкіндік алды. Жаңа мұз айдыны жергілікті балалар мен жастардың сүйікті орнына айналатынына сенімдімін! Өйткені, спортқа деген қызығушылық бала кезден басталады.  Осыған орай ауданымызда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, қосымша білім беру орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, түрлі спорт түрлерімен айналысатын алаңдар бар. Онда 2 мыңнан астам бала жаттығады. Жалпы бүгінгі таңда аудан тұрғындары спорттың 51 түрі, оның ішінде 16 олимпиадалық және 12 олимпиадалық емес, 9 ұлттық және 14 мүгедектерге арналған спорт түрімен айналысады», – деді аудан тұрғындарын корттың ашылуымен құттықтаған аудан әкімі Берік Әлжанов.

Сондай-ақ аудан әкімі барша жиналғандарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, әр шаңыраққа жақсылық тіледі.

Тайынша қаласында хоккей корты ашылды

«Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Сіздерге зор  денсаулық, татулық пен бейбітшілік, мол бақыт пен шат-шадыман шаттық тілеймін», – деді Берік Әлжанов.

Ауданда екі жыл бұрын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Ал былтыр Ясная Поляна ауылдық округінің хоккейшілері үшін заманауи хоккей корты орнатылды. Осының арқасында ауданда жылдан жылға спортпен шұғылданамын деген жандардың қатары артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде  Келлеровка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Тайынша қаласында бассейн салу жоспарлануда. Әрине мұндай жаңалық бүгінгі шараға жиналған тайыншалықтарды қуантты.

Тайынша қаласында хоккей корты ашылды

«Ауданымызда спорт саласының дамуына жағдай жасалып жатыр. Жаңа нысандар салынуда. Соның айқын дәлелі осы корт. Енді балаларымыз осында келіп ойнап, уақыттарын тиімді өткізеді», – дейді аудан тұрғыны.

«Осындай заманауи корттың ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Енді осында келіп достарыммен хоккей ойнаймын. Коньки тебемін. Өте қуаныштымын», – дейді кішкентай аудан тұрғыны.

Корттың ашылуы хоккейшілер мен коньки тебуді сүйетіндер үшін ғана емес, жалпы аудан тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналды. Жиналғандар шағын театрландырылған қойылымды тамашалап, жас спортшылардың қарым-қабілетін байқады.

Тайынша қаласында хоккей корты ашылды

Жалпы корттың құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Оған облыстық бюджеттен 186 млн теңге бөлінді.

Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстанық оқушы Презиенттік шыршаға 100 раушан гүлінен көйлек тіккен

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x