СҚО-да туристерді тарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бар ақпар облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
2028 жылы Пестрое көлінің жағалауында триатлон аймағы, спорт және балалар алаңдары, абаттандырылған жағажайы мен серуендеу жолақтары бар «Qyzyljar» экопаркі ашылады. Болашақта бұл нысан Петропавл қаласының басты туристік орындарының біріне айналады. Сонымен қатар облыс орталығында құны 20 млрд теңгені құрайтын халықаралық деңгейдегі Rixos қонақүйінің құрылысы басталды.
Тағы бір маңызды жоба – құны 10 млрд теңге болатын PANA UNIQUE QYZYLJAR. Жоба аясында көпес Поляковтың тарихи диірмен ғимараты қайта жаңғыртылып, оның базасында қонақүй кешені, мейрамхана және кофехана ашылады. Бұдан бөлек, «Nomad», «Волна» және «Green Park» демалыс орындарын салу мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысына келетін туристер санын жылына 280 мың адамға дейін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджет кірістерін арттыру және өңірдің еліміздің тартымды туристік бағыттарының бірі ретіндегі әлеуетін одан әрі нығайту көзделіп отыр.
Тағы оқыңыз: Имантау-Шалқар курорттық аймағында 3,3 млрд теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылып жатыр

