Солтүстік Қазақстан облысында 10 миллион теңгелік ұрлық ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, сотталушы Ақтөбе қаласында банк терминалы арқылы серіктестік шотынан қолма-қол ақша шешіп алған. Ақша облыстағы ірі ЖШС тиесілі, деп жазады Qazaqstan Media.
Instagram-дағы жарнама
Петропавл сотында 10 млн теңге ұрлаған ақтөбелік жігітке қатысты іс қаралды. Тергеу мәліметінше, Ерқанат Иманалин әлеуметтік желі арқылы белгісіз адаммен хат алмасып, қылмыстық схемаға келіскен. Бұл схема бойынша қаскөйлер компьютерлерге қашықтан кіруге мүмкіндік беретін «AnyDesk»бағдарламасын және басқа да зиянды құралдарды пайдаланған. Соның көмегімен олар түрлі компьютерлерге, электрондық пошталарға және ақпараттық жүйелерге заңсыз кіріп, түрлі шоттарынан ақша ұрлаған.
Иманалиннің рөлі — ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру болған. Кейін қылмыстық топ мүшелері арасында бөлісуі тиіс еді.
2025 жылғы 31 наурызда шамамен сағат 10:30-да «Краснокаменка Агро» ЖШС-нің бухгалтері жұмыс орнында өзінің қызметтік компьютерінен компания шотынан 10 миллион теңге қолма-қол алу үшін төрт штрих-код жасаған. Бұл шот «Қазақстан Халық банкі» АҚ-да ашылған.
Сол кезде тергеумен анықталмаған адамдар қызметтік компьютерге заңсыз кіріп, бухгалтер жасаған төрт штрих-кодты көшіріп алған. Оның үшеуі 3 миллион теңгеден, біреуі 1 миллион теңгеге арналған болған. Қаскөйлер компьютер жүйесін қашықтан басқарып, осы штрих-кодтарды иеленіп, оларды Иманалиннің телефонына жіберген.
Сол уақытта Иманалин Ақтөбе қаласында болған. Ол өз телефоны арқылы такси шақырып, банкке барған. Тергеу нұсқасы бойынша, 10:37 мен 10:48 аралығында ол таксимен «Қазақстан Халық банкі» ғимаратына жеткен.
«Банкке келген соң Иманалин телефондағы ұрланған штрих-кодтарды пайдаланып, банктің терминалы арқылы «Краснокаменка Агро» ЖШС шотынан жалпы 10 миллион теңге қолма-қол ақша алған. Одан кейін ол бұл ақшаны иемденіп, басқа көлікпен кетіп қалған. Осы әрекеттің салдарынан «Краснокаменка Агро» ЖШС-не 10 миллион теңге көлемінде аса ірі материалдық шығын келтірілген»-деп жазылған тергеу материалында.
«Бәрі заңды» деп ойладым
Қысқаша айтқанда, тергеу мәліметі бойынша, күдіктілер алдымен ұйымның компьютеріне заңсыз кіріп, бухгалтер жасаған штрих-кодтарды көшіріп алған. Кейін сол кодтар арқылы банктен 10 миллион теңгені қолма-қол шығарып кеткен. Сотта Иманалин өз кінәсін ішінара ғана мойындады.
«Instagram-нан «тез ақша табу» туралы хабарландыру көріп, соны басқанда Telegram-ға өттім. Сол жерде жұмыстың мәні түсіндірілді. Банк арқылы штрих-кодтармен ақша шешіп алу керек болды. Бұл қызмет үшін алынған соманың 2 пайызы уәде етілді»,-деді сотталушы.
Иманалиннің айтуынша, ол неге ақшаны өздері шешіп алмайтынын сұрағанда, әлгі адамдар өздерінде белгілі бір шектеулер барын айтқан. Сондай-ақ бәрі заңды екенін жеткізген. Ол осыған сеніп қалыпты. Оған алдын ала банкоматтың қалай жұмыс істейтіні, камераға штрих-кодты қалай көрсету керектігі де түсіндірілген.
Ақшаны алған соң, ол үйіне қайтқан. Өзіне 2 пайызын, яғни шамамен 200 мың теңгені қалдырған. Қалған ақшаны оған жіберілген бес ЖСН-ға Kaspi терминалы арқылы аударған. Кейін әлгі адамдар тағы да жұмыс істеуді ұсынады. Тіпті пайызды өсіретіндерін айтқан. Сол кезде Иманалин бұның заңсыз екенін сезе бастағанын айтты. Ол «бұл ақша қайдан?» деп сұрағанда, олар бухгалтерді алдап, кодтарды алғандарын айтыпты.
Иманалиннің нұсқасы бойынша…
«Алдымен олар өздерін салық қызметкері ретінде таныстырып, бухгалтерге хабарласқан. Кейін тағы қоңырау шалып, бұл жолы өздерін банк қызметкері ретінде көрсетіп, банкингте мәселе барын айтқан. Содан соң код алып, бухгалтердің компьютеріне AnyDesk арқылы кірген. Осыдан кейін ол қорқып кетіп, байланыстарды бұғаттап, хат-хабардың бәрін өшіріп тастаған»- деді.
Ол Telegram-дағы адамның аты Александр екенін де айтты. Тоғыз күннен кейін оны полиция ұстаған. Сонымен бірге, ол бухгалтердің қатысуынсыз компьютерге кіру мүмкін болмас еді деп есептейді. Оның ойынша, бухгалтер өзі алаяқтарға алданып, жауапкершіліктен қорқып, шындықты толық айтпай отырған болуы мүмкін.
Иманалин ақшаны шешіп алған сәттегі бейнежазбада өзі түскенін мойындады. Такси жүргізушілерін де таныған. Жәбірленуші тараптың талабын мойындап, медиация арқылы 3 миллион теңгені өтегенін айтты. Өзінің әрекетін ол ұрлық емес, алаяқтыққа көмектесу деп бағалады.
10 миллион шығын
Ал жәбірленуші тараптың өкілі сотта «Краснокаменка Агро» ЖШС-не 10 миллион теңге шығын келгенін айтты. Оның сөзінше, бұл ақша ұйымның шаруашылық қажетіне заңды түрде шешіліп алынуы керек болған.
«Әдеттегі тәртіп бойынша бухгалтерге тапсырма бердім. Бухгалтер 10 миллион теңгеге арналған төрт код жасап, оны басшылыққа берген. Бірақ сол сәтте компьютерде көк экран шығып, бағдарлама жаңарып жатқандай болған. Кейін банкке барып ақша алайын десе, ақша әлдеқашан шешіліп алынғаны белгілі болған»,-дейді ЖШС өкілі.
Бухгалтер де осыны растаған. Ол сотта өзіне күдікті қоңыраулар болмағанын айтты. Ол компьютерде AnyDesk, WhatsApp және Connect бағдарламалары орнатылғанын түсіндірді. AnyDesk бағдарламасы әдетте бағдарламашылар қашықтан қосылып, жүйені жаңарту үшін қолданылған. Оның сөзінше, ол кодтарды ешкімге көрсетпеген, бірден басшыға берген. Сотта такси жүргізушілері де жауап беріп, Иманалинді тергеу кезінде фотосуреттен таныған.
Сот үкімі мен рақымшылық
Сот бұл істі алаяқтық емес, ұрлық деп таныды. Нақтырақ айтқанда, сот Иманалин белгісіз адамдармен алдын ала сөз байласып, ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу арқылы, аса ірі мөлшерде ұрлық жасауға бірге қатысқан деген қорытындыға келді. Бұл қылмысты ауыр қылмыс санатына жатқызылды. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның жас екенін және бұрын алғаш рет қылмыс жасағанын ескерді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
«Ерқанат Айбекұлы Иманалин ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып,
оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде
жазасын өтей отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза
тағайындалсын. «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 3- бабы 4-тармағы 1) тармақшасына сәйкес Е.А. Иманалинге тағайындалған жазаның бестен бір бөлігіне қысқартылсын, бұл 4 жылға бас бостандығынан айыруға сәйкес келеді. Е.А. Иманалинге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын. Жазаны өтеу мерзімі 2026 жылғы 02 ақпаннан бастап есептелсін»,-деді сот үкімін оқыған судья Азамат Ашимов.
Сот мүлікті тәркілеу туралы жаза қолданған жоқ. Себебі қылмыстық жолмен алынған немесе сол ақшаға сатып алынған мүлік анықталмаған.
Жәбірленуші тарап соттан қалған 7 миллион теңгені және 300 мың теңге адвокат шығынын өндіріп беруді сұраған. Бірақ сот бұл талапты толық қараған жоқ. Себебі тараптар бұған дейін медиация арқылы келісіп, қалған 7 миллион теңге 2026 жылғы 14 сәуірге дейін төленуі керек деп уағдаласқан. Егер ақша сол мерзімге дейін қайтарылмаса, жәбірленуші оны кейін бөлек тәртіппен өндіріп ала алады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жедел-жәрдем қызметкерлері ер адамды өлімнен құтқарды

