СҚО-ға жұмыс сапарымен Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев келді, Ол Петропавлдағы әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Келген меймандар барған алғашқы нысан – «Жас өркен» шағын ауданындағы балабақша. Жоба құны 2 млрд теңгеге жуықтайды. Қаражат сыртқа заңсыз шығарылып, прокуратураның ықпалымен мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінген.
Тәлім мен тәрбие ордасы 280 орынға шақталған. Балабақша 2 жастан 6 жасқа дейін балаларды қабылдай алады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекеме 80 пайызға толық. Ғимарат келген меймандардың көңілінен шықты.
Ғалымжан Қойгелдиев барған келесі нысан “Абылай хан резиденциясы” музей кешені болды. Мұндай келген меймандарға арнайы экскурсия жүргізілді. Тарихи деректер айтылып, құнды жәдігерлер көрсетілді.
Айта кету керек, көне ғимарат 2008 жылы жаңғыртылған. Музейде 4 экспозициялық зал бар. Бір бөлмесінде Абылайдың 1711 жылдан 1770 жылдарға дейінгі өмір кезеңі қамтылған.
«Халықтың тұрмысын жақсартуға бөлінген қаржының әр тиыны тиісті жерге жетуі тиіс. Оны қадағалау — біздің міндетіміз. Алдағы уақытта бұл жүйелі жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын», — деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Тағы оқыңыз: СҚО кәсіпкерлері қоғам өміріне белсенді араласуда

