Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласының қызметкерлері мен оқушылар жаппай ағаш отырғызды. Ігі іске зейнеткер ұстаздар да қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Зейнеткер ұстаздар игі іс арқылы өскелең ұрпаққа жол көрсетіп, үлгі болғысы келеді. Айта кету керек, шараның өтуіне облыстық білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» мұрындық болып отыр. «Тазалық шарасы арқылы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Отырғызылған шыршаларды міндетті түрде баптаймыз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен бірде-бір шарадан қалған емеспіз», — деді СҚО білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» директорының орынбасары Дианна Қазбекова.
Педагогтер мен оқушылар «Тұңғыш Президент» саябағына 20 сібір шыршасын отырғызды. Білім беру саласының өкілдері аталған ағашты бекерден-бекер таңдамаған. Біріншіден, сібір шыршасы ауаны тазартады. Екіншіден, жапырақтары мүлдем түспейді. Яғни, қыс-жазы демалыс орнына көрік беріп тұрады.
Шарада бос тұрған адамды көрмейсің. Бірі ағаш отырғызып жатса, енді бірі оны суаруда. Маңызды жұмыс аяқталғаннан кейін ұстаздар саябаққа құстарға арналған ұяларды ілді. Айта кету керек, шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілді. Алдағы уақытта «Әдістемелік орталық» қызметкерлері ұстаздардың отбасыларын жинап, дәл осы демалыс орнына тағы жасыл желек егуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Мамыр мерекелерінде ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО жұмыс істемейді

