Петропавлда киберқауіпсіздікке арналған тренинг өтті. Шарада киберқауіпсіздік, интернет алаяқтар ойлап тапқан жаңа схамалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгінде ел тұрғындары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жиі қолданады. Заман игіліктерін пайдаға жаратамыз, керегімізді сұраймыз. Зор көмегі тиіп жүр десем де қателеспеймін. Бірақ, мұның екінші жағы да ұмытылған жөн. Интернет алаяқтар қалай екені белгісіз, адамдардың жеке дерегіне қол жеткізіп, миллиондап шығын келтіруде. Қулардың арбауына түсіп қалмау мақсатында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары тұрғындарға арналған тренинг өткізді.
СҚО-да киберқауіпсіздікке арналған тренинг өтті
«Қазіргі таңда алаяқтар ЖИ арқылы жақындарыңыздың түрін, дауысын айнытпай салып, видео жасай алады. Тиісінше, сізден ақша сұрайды. Тағы айтарым, әлеуметтік желідегі түрлі жарнамаларға сенбеңіздер. Алаяқтар сізді қызықтыру арқылы жеке деректеріңізге қол жеткізіп, қарызға батыруы мүмкін», — деді СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы Жасұлан Жималиев.
СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары облыс тұрғындарымен білімдерімен бөлісті. Жасанды интеллектіні қолданғанда жеке деректі жазбауларын сұрады. Сонымен қатар, банк карталарын барынша абайлап ұстап, жоғалтып алған жағдайда бірден бұғаттау қажеттігін айтты. Айта кету керек, жыл басынан интернет-алаяқтар жерлестерімізге орасан шығын келтірген.
СҚО-да киберқауіпсіздікке арналған тренинг өтті
«Жыл басынан облыста 250-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 600 млн-нан асып жығылады. Бір қуантарлығы, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға кем. Биыл интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған мыңға жуық шара өткіздік. Тұрғындардың сауаты да артуда», — деді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкіл Милена Балацкая.