Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Бесінші қазаннан бері тәртіп сақшылары есепте тұрған 1839 азаматты тексеріп, 13 құқықбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Іс-шараға күн сайын 700-ге жуық адам қатысады. Олардың қатарында полицейлер, пробация қызметінің қызметкерлері, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен еріктілер бар. Негізгі мақсат – тұрғын үй секторындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Рейд барысында екі мыңнан астам нысан тексерілді. Полицейлер 687 мекенжайды тексеріп, пәтерлерін заң талаптарын сақтамай жалға бергендерге қатысты 23 деректі анықтады.
Тәртіп сақшылары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалаудағы және соттылығы өтелмеген азаматтарға да назар аударды. Нәтижесінде сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою туралы төрт өтінішхат жолданды. Тағы үш материал бойынша пробациялық бақылау мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Көші-қон саласында 172 құқық бұзушылық анықталып, Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 120 шетелдік ұсталды. Бұдан бөлек, азаматтық қаруы бар 494 адамның құжаттары мен қаруды сақтау талаптарын сақтау жағдайы тексерілді. Тіркелмеген үш қару тәркіленді.
Рейд кезінде кәмелетке толмаған 12 жасөспірім анықталып, олардың жетеуі бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ есірткі жарнамасы бар тоғыз жазу табылып, үйсіз жүрген 69 адам ұсталды. Олардың төртеуі Петропавлдағы қабылдап-тарату орнына жіберілді.
««Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады. Оның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алып, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайту», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Жыл басынан облыста 273 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді

