«Казтехмаш» ЖШС базасында әлемдегі ірі машина жасау өнімдерін өндірушілердің бірі саналатын қытайлық LiuGong компаниясының жол және құрылыс техникаларын құрастыру өндірісі іске қосылды. Айта кету керек, кәаіпорын «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып табылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері облыс делегациясының Қытайға жұмыс сапары барысында талқыланды. Өңір өкілдері «АгроТехМенеджмент» ЖШС басшылығымен бірлесіп, LiuGong компаниясының вице-президенті Дэн Таомен кездесу өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша «Казтехмаш» зауыты алаңында шығарылатын техникалар қатарын кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Биыл құрастырылатын модельдер саны жеті түрге дейін ұлғайтылмақ. Қазіргі уақытта ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен техниканың екі түрін өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Тараптар болашақтағы ынтымақтастық перспективаларына да ерекше назар аударды.
LiuGong компаниясы әуежай маңында орналасқан «Qyzyljar» АЭА-ның сегізінші кіші аймағында логистикалық орталық салу жобасын жүзеге асырғысы келеді. Сонымен қатар, инженерлік және өндірістік кадрларды даярлау бағытында Kozybaev University-мен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ LiuGong компаниясының шақыруымен өңір делегациясы өнеркәсіп саласының өкілдері мен әлемнің түрлі елдерінен келген іскер серіктестерді біріктірген халықаралық форумға қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар компанияның заманауи «ақылды» зауытында болып, қосалқы бөлшектерді өндіруден бастап дайын техниканы шығаруға дейінгі толық өндірістік циклмен танысты.
Кәсіпорынның инновациялық әзірлемелері, оның ішінде электр жетекті машиналар мен толық автономды басқару жүйесімен жабдықталған техника үлгілері ерекше қызығушылық тудырды. Сапарға қатысушылардың пікірінше, озық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту Солтүстік Қазақстан облысының машина жасау саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тағы оқыңыз: Бүгін түнде футболдан әлем чемпионаты басталады! Қай құрамаға жанкүйер боласыз?

