Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Биыл оқу орнына 150-ге жуық мемлекеттік білім гранты бөлініп, талапкерлерге жеті медициналық мамандық бойынша білім алу мүмкіндігі ұсынылып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.

Колледж директоры Нұрболат Иманжановтың айтуынша, оқу орны фельдшер, акушер, мейіргер, тіс емдеу ісі және стоматологиялық ортопедия секілді сұранысқа ие мамандарды даярлайды.

«Биыл бізге 150 мемлекеттік грант бөлінді. Оның жүзге жуығы мейіргер ісі мамандығына, қалғаны емдеу ісі мен зертханалық диагностика бағыттарына қарастырылған. Сонымен қатар ақылы бөлімге де қабылдау жүргізіледі. Грантқа үміткерлер құжаттарын 10 тамызға дейін, ал ақылы бөлімге 25 тамызға дейін тапсыра алады», – деді колледж директоры.

Колледжге түсу үшін талапкерлер психологиялық тестілеуден өтіп, биология пәнінен емтихан тапсырады.

Бүгінде білім ордасында студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи симуляциялық орталықтар, арнайы жабдықталған зертханалар мен анатомиялық оқу құралдары болашақ медицина мамандарын тәжірибеге бағытталған оқытуды қамтамасыз етеді.

СҚ жоғары медициналық колледжі талапкерлерді қабылдауды бастады
СҚ жоғары медициналық колледжі талапкерлерді қабылдауды бастады

Сондай-ақ колледж аумағында 270 орындық жаңа жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Болашақ ақ халатты абзал жандардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылынан келген талапкер Карина Леонова. Оның айтуынша, медицина саласында қызмет ету – бала күнгі арманы.

«Кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандадым. Сондықтан мектепті аяқтаған соң осы колледжге құжат тапсыруды шештім. Қазір барлық қажетті құжаттарды жинап жатырмын. Грантқа түсемін деген үмітім зор», – дейді талапкер.

Қазіргі таңда Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде мыңнан астам студент білім алуда. Биыл оқу орнын 270-ке жуық түлек тәмамдап, денсаулық сақтау саласына жолдама алды.

Тағы оқыңыз: Жастар Петропавлдағы Жеңіс саябағын тазалады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *