Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында белгілі журналист,  «Soltustik Qazaqstan»газетінің қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Өмір Есқали Мемлекет басшысының қолынан  «Құрмет» орденін алды. Бұл – оның ел журналистикасын дамытуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді көтеруге қосқан көпжылдық еңбегінің жоғары бағалануы, деп жазады Qazaqstan Media. 

Биыл Өмір Шалабайұлы 70 жасқа толып отыр. Оның журналистикадағы еңбек жолына 57 жыл болды. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ол мыңдаған мақала жазып, бірнеше буын журналистің қалыптасуына ықпал етті.

Өмір Есқали 1980 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік тәмамдаған.  Алдымен аудандық басылымда еңбек етті.

Тәуелсіздік қарсаңындағы күрделі кезеңде Өмір Есқали қазақ тілінің мәртебесін қорғауға белсенді атсалысты. Оның бастамасымен жарық көрген «Қызылжар» газеті ұлттық мәселелерді ашық көтерген басылымдардың біріне айналды.

Сондай-ақ қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жерлестердің құқықтарын қорғау бағытындағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.

Бүгінде Өмір Есқали – Солтүстік Қазақстандағы ғана емес, еліміздегі беделді журналистердің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы республикалық  «Egemen Qazaqstan» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазір «Soltustik Qazaqstan» газетінің қоғамдық-саяси бөлімін басқарады.

Президент қолынан табысталған «Құрмет» ордені – оның адал еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен өмір жолына берілген лайықты баға.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы №29 мектепте оқушылар тазалық шараларын жүргізуде

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *