Бүгін Қазақстанда маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру күні Солтүстік Қазақстан облысының барлық ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен сауда нүктелері ұйымдастырылды. Мұнда тұрғындар жергілікті өндірушілердің өнімдерін сатып ала алады, деп жазады Qazaqstan Media.

Сауда сөрелеріне көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, сондай-ақ басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары қойылған. Өнімдер төмендетілген бағамен сатылып жатыр.

Петропавлдағы №21 орта мектеп ғимаратында орналасқан №617 сайлау учаскесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын арнайы сауда нүктесі ашылды. Қала тұрғындары дауыс беруге қатысып қана қоймай, нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен азық-түлік сатып ала алады.

Өнімдер «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан жеткізіледі. Сауда нүктелері дауыс беру аяқталғанға дейін жұмыс істейді.

«Бізде күріш, қарақұмық, қант, макарон өнімдерінің бірнеше түрі бар. Майдың екі түрі, бірінші санаттағы жұмыртқа, ұнның екі түрі және картоп бар. Егер қандай да бір тауар таусылып қалса, қосымша өнім жеткізіледі», – деді «Солтүстік» ӘКК сатушысы Гүлнара Сұлтанова.

№21 мектептегі №617 сайлау учаскесінде дауыс беру процесін ұйымдастыру жұмыстары да белсенді жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта үйден дауыс беруге бір мекенжай бойынша бір өтініш түсті. Мұндай өтініштерді сағат 12:00-ге дейін қабылдаймыз. Көбіне түске қарай тұрғындардың туыстары келіп, жақындары үшін үйден дауыс беруді ұйымдастыруды сұрайды. Біздің учаскеде барлығы 2080 сайлаушы тіркелген», – деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ирина Логинова.

Бұл күні жаңа оқу жылына дайындыққа да ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, Мамлют ауданында кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар жәрмеңкесі өтіп жатыр. 1 қыркүйек қарсаңында балаларын жаңа оқу жылына дайындап жатқан отбасылар үшін мұндай сауда орындары әсіресе тиімді.

 

Тағы оқыңыз: Қазақстанда Құрылтай сайлауы басталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *