көктемгі дала жұмыстары

Өңірде көктемгі дала жұмыстары басталды. Бүгіндері шаруалар картоп егуге кірісіп кеткен. Qazaqstan Media тілшісі Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово ауылындағы «Суриков Н.В» шаруа қожалығында болып, мұндағы жұмыстарды көріп қайтты.

көктемгі дала жұмыстары

30 жылдан бері ауыл шаурашылығымен айналысатын Николай Суриков жылда 379 гектарға дәнді және майлы дақылдарды сіңіреді. Бұдан бөлек, картоп егеді. Шаруашылық егін егу науқанына тиянақты дайындалған. Олар техникасын ретке келтіріп, жанар-жағармай сатып алған. Ал көктемнің алғашқы күндерінде алқаптарда ылғал жабу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта, фермер 4-5 гектарға немістің гала тұқымды картобын егіп жатыр.

«Жалпы картопқа деген сұраныс жоғары. Екінші нанымыз ғой. Күзде жинап алған соң базарға төмен бағамен сатамыз. Мәселен, өткен жылы Көкшетаудан кәсіпкер келіп үлкен көлікпен алып кетті. Тұқымды жылда жаңартуға тырысамыз», – дейді «Суриков Н.В» шаруа қожалығының басшысы Николай Суриков. 

Шаруашылық жылда 200 гектар алқапқа бидай себеді. Өткен жылы жауын-шашын қажетті мөлшерде жаумай, құрғақшылық болған. Сол себепті астықтың шығымдылығы төмендеген. Десе де, мұндағылар гектарынан 20 центнер өнім алды.

көктемгі дала жұмыстары

«Бидайды қаладағы диірменге тапсырамыз. Бұдан бөлек, көп жылдан бері ұн өндіретін «Дез» серіктестігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Серіктестікпен бірнеше жылға келісімшарт жасастық. Тиімді бағамен сатамыз», – дейді Николай Суриков. 

Бүгінгі күні мұнда 4 адам еңбек етеді. Қожалық алқаптарында егін егу және орақ науқанында 5 бірлік техника жүреді. Кәсіпкер жылда 27 мың литр жанар-жағармай дайындайды. Биыл сұйық отынды жеңілдетілген бағамен сатып алған.

көктемгі дала жұмыстары

Қызылжар ауданының диқандары биыл 206 мың гектар алқапқа дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақыл сіңірмек.

«Аудан фермерлері 28 мың тонна тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілді. Былтыр аграрийлер 4 млрд 7 млн теңгеге 101 ауылшаруашылығы техникасын сатып алса, биылғы жылы 1 млрд 2 млн теңгеге 22 бірлік техника алынды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін аудандық агроқұрылымдарға 4,1 мың тонна жанар-жағармай қажет. Қазіргі таңда соның 2,6 мың тоннасы сатып алынды», – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Шақанов.

2023 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылық алқабы 4,5 млн гектарды құрайды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақыл 3 млн 200 мың, майлы дақылдар 960 мың, картоп пен көкөністер 31 мың гектарға егілмек. Әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында биыл қарақұмықтың алқабы – 3, картоп – 1,5, сәбіз және қырыққабат – 2 есе артты.

көктемгі дала жұмыстары

Биыл егіске облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 488,5 мың тонна тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, сапалы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды қолдану қажет. 2023 жылы өңір бойынша 200 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.

Тағы оқыңыз: Азық-түліктің бағасы тағы да өсті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x