Кей мамандықты адам өзі таңдайды. Ал кей мамандық бала кезден жүрекке сіңіп, өмір жолына айналады. Жамбыл ауданы Архангелка жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Роза Байгаскина үшін ұстаздық – жай ғана қызмет емес. 23 жыл бойы жалғасып келе жатқан өмірлік таңдау, деп жазады Qazaqstan Media.

Роза Байгаскина еңбек жолын осы мектептен бастаған. Содан бері талай шәкіртке ағылшын және қазақ тілдерінен білім беріп, олардың есейіп, өз жолын табуына куә болды. Ұстаздың айтуынша, педагог үшін ең маңызды қасиеттер – мейірімділік, түсіністік және әділдік.

«Әр баланың мінезі әртүрлі. Біріне қолдау керек, біріне сенім, енді біріне дұрыс бағыт қажет. Сондықтан мұғалім ең алдымен баланы түсіне білуі керек. Педагогтің еңбегі шәкіртінің жетістігімен, алғысымен және өмірде өз орнын табуымен бағаланады», – дейді Роза Байгаскина.

Оның сөзінше, мұғалім үшін бұрынғы шәкіртінің жетістігін естуден асқан қуаныш жоқ. Кеше ғана мектеп партасында отырған бала жылдар өте өз мамандығын тауып, қоғамнан орнын алып жатса, ұстаз еңбегінің зая кетпегені.

Роза Байгаскина мамандығын таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтады. Керісінше, жылдар өткен сайын ұстаздықтың қадірін тереңірек түсінген.

«Ұстаз үнемі ізденісте жүреді, адамдармен жұмыс істейді. Шәкірттеріңнің жетістігін көріп қуану – ерекше сезім. Сондықтан сынып жетекшісі ретінде оқушыларыма: «Мамандық таңдағанда мұғалім болыңдар», -деп айтып жүремін»,- дейді ол.

Жас мамандарға берер кеңесі де қарапайым. Ең бастысы – оқушыны жақсы көру. Қателесуден қорықпау керек. Себебі мұғалім де күн сайын үйренеді, тәжірибе жинайды.

Роза Байгаскина: мұғалімге мейірімділік, түсіністік пен әділдік керек
Роза Байгаскина: мұғалімге мейірімділік, түсіністік пен әділдік керек

Роза Байгаскинаның ұстаздыққа деген ықыласы өз отбасына да әсер еткен. Оның қызы Нұрай анасының жолын таңдап, педагогикалық мамандықта білім алып жүр.Нұрай үшін бұл таңдау кездейсоқ емес. Өйткені ол бала кезінен ұстаз еңбегін көріп өсті.

«Менің ата-анамның екеуі де ұстаз. Сондықтан мамандық таңдау кезінде бірден мұғалім боламын деп шештім. Сол арманыма жеттім. Қазір студентпін. Болашақта анам секілді ұлағатты ұстаз болсам деймін. Оның оқушылармен жұмыс істеуі, ата-аналармен сыйласып жүруі маған ұнайды. Менің анам – өмірде де, мектепте де ұстазым», – дейді Нұрай.

Тағы оқыңыз: СҚО әкімі аға буын өкілдерін Қарттар күнімен құттықтады

Поделиться:

Shares