2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде бірқатар өзгеріс енгізіледі. Мұғалімдерді аттестаттау тәртібі жаңарып, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі өзгереді. Сондай-ақ сабақ кезінде смартфон қолдануға қойылатын талап күшейіп, білім беру процесіне жасанды интеллект енгізіле бастайды. Бұған қоса, бұрын жеке бағаланбаған бес пән бойынша бағалаудың жаңа тәртібі қолданылады, деп жазады Qazaqstsn Media.
Жаңа оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Оның 380 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшеді.
Бес пән бойынша бағалау енгізіледі
Жаңа оқу жылындағы өзгерістердің бірі цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру пәндеріне қатысты. Бұған дейін бұл пәндер жеке бағаланбаған. Енді олар бойынша формативті бағалау жүргізіліп, аралық бағалау тоқсанына бір рет қойылады.
Бұл ретте оқушыларға қосымша жазбаша бақылау жұмыстары көбеймейді. Бағалау негізінен баланың сабақ үстіндегі жұмысы мен оқу бағдарламасын меңгеру нәтижесіне сүйенеді.
Бастауыш сыныптарда ТЖБ болмайды
2-4 сынып оқушыларын бағалау тәртібі де өзгереді. Критериалды бағалау жүйесі сақталады, ал бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды. Формативті бағалаудың тоқсандық қорытынды бағаға әсері қазіргі 25%-дан 50%-ға дейін ұлғаяды. Әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жүргізіледі.
Ал тоқсандық жиынтық бағалау, яғни ТЖБ бастауыш сыныптарда өткізілмейді. Нәтижесінде тоқсандық бағаның 50%-ы формативті бағалаудан, қалған 50%-ы аралық бағалау нәтижесінен қалыптасады. Бастауыш сыныптарда модерация да жүргізілмейді.
Бастауыштағы математика бағдарламасы жеңілдетіледі
1-4 сыныптардағы математика пәнінің бағдарламасы қайта қаралады. Балалардың жас ерекшелігіне күрделі деп танылған кейбір тақырыптар жеңілдетіліп немесе орта мектеп бағдарламасына ауыстырылады. Тілдік пәндердің мазмұны да жаңармақ. Қазақ тілінде білім алуды алғаш бастаған балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі.
Мектепте смартфон қолдануға шектеу күшейеді
Сабақ кезінде оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу қойылады. Телефонды мұғалім арнайы тапсырма берген кезде немесе төтенше жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Мектептерде смартфондарды уақытша сақтауға арналған арнайы орындар қарастырылуы мүмкін.
Жасанды интеллект мектепке келеді
2026 жылғы қыркүйектен бастап білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолданудың жаңа тәсілдері енгізіле бастайды. Мұғалімдер AI құралдарын сабаққа дайындалу кезінде және оқу процесінде тиімді пайдалану бойынша оқытылады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен жасанды интеллектіні қолдану 10 пилоттық мектепте сыналып, кейін 50 мектепке, одан соң тағы 300 білім беру ұйымына тарату жоспарланған.
3 және 7-сыныптарға жаңа оқулықтар беріледі
Жаңа оқу жылында 3 және 7-сынып оқушылары жаңартылған оқулықтармен білім алады. Оқулықтарды педагогтер Etandau электрондық платформасы арқылы таңдаған.
Жаңа міндетті курстар пайда болады
Оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздігіне бағытталған жаңа курстар да енгізіледі. 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп», ал 5-11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары оқытылады.
Балалар азаматтардың құқықтары мен міндеттері, киберқауіпсіздік, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл және түрлі қауіптің алдын алу жолдары туралы білім алады.
Тағы оқыңыз: Жамбыл аудандық кірістер басқармасына аудит жүргізіліп, 7 млн теңгеге жуық бұзушылық анықталды

