Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытындысын жариялады. ОСК мәліметінше, 2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-ге дейін Құрылтай сайлауына қатысу үшін 7 саяси партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Олардың қатарында «Ақ жол» партиясынан – 63, «Ауыл» партиясынан – 69, «Әділет» партиясынан – 186, «Байтақ» жасылдар партиясынан – 47, Қазақстан халық партиясынан – 72, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 33 және Respublica партиясынан 76 кандидат бар.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, барлық партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген кемінде 30 пайыздық квота сақталған. Қазіргі уақытта ұсынылған кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Отырыста сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, Құрылтай сайлауын бақылауға 3 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттен 60 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы шешім қабылданды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтардың табысы өсті

