Биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың нақты табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Үкімет мұны инфляция қарқынының баяулауымен және экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жалпы, биылғы алғашқы алты айда Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Өсімге негізінен мұнайға қатысы жоқ салалардың дамуы әсер еткен. Тауар өндірісі 5,1%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артқан.
Ең жоғары өсім құрылыс саласында тіркелді – 15,2%. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға, көлік саласы 7,1%-ға, сауда 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға және байланыс қызметтері 4,3%-ға өсті.
Экономиканың дамуына инвестиция көлемінің артуы да ықпал етті. Алты айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6%-ға көбейді. Әсіресе ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай өскен. Ішкі сауда көлемі де ұлғайып, алғашқы жартыжылдықта 15,3%-ға өсіп, 36,2 триллион теңгеге жетті.
Сыртқы саудада да оң нәтиже сақталды. Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның тауар айналымы 56,3 миллиард долларды құрап, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 14,6%-ға өсіп, 14,9 миллиард долларға жетті.
Халықтың табысы да біртіндеп артып келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында нақты табыс өткен жылмен салыстырғанда 0,1%-ға көбейді. Үкімет мұны инфляция қарқынының баяулауымен байланыстырады.
Тағы оқыңыз: Қауын мен қарбызды шілденің соңында жеген дұрыс – вице-министр

