Қазақстандықтарға қауын мен қарбызды шілденің соңынан бастап жеген қауіпсіздеу. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Ерте сатылымға шыққан қауын-қарбыздың құрамында нитраттар болуы мүмкін. Вице-министрдің айтуынша, шілденің соңы мен қыркүйек аралығында қауын мен қарбыз табиғи жолмен пісетіндіктен, оларды тұтыну қауіпсіздеу саналады.
«Шілденің соңынан қыркүйекке дейін қауын-қарбыз ешқандай қоспасыз, тыңайтқышсыз және өсу стимуляторларынсыз піседі. Сондықтан қазіргі уақытта, әсіресе балаларға бермеген дұрыс. Бұл – менің сарапшы ретіндегі пікірім», – деді Азат Сұлтанов.
Сонымен қатар, ол шетелден әкелінетін барлық жеміс-жидек пен көкөніс фитосанитариялық бақылаудан өтетінін атап өтті. Бұл тексеру өнімдердің зиянкестер мен өсімдік ауруларынан таза екенін анықтауға бағытталған.
Алайда өнім құрамындағы химиялық заттардың қалдық мөлшері адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Қарулы күштерінде 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады

