Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу процесі өзгереді. Енді азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, кемінде 10  күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады, деп жазады Qazaqstan Media. 

Жаңашылдық туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. 

Айта кету керек, қазіргі уақытта азаматтарға үш тегін мүмкіндік беріледі. Алғашқы екі мүмкіндік – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін. Бұл ке кезде азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін еді.  Жаңа норма рәсімді анағұрлым қолжетімді етіп, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.

Енгізілетін жаңашылдықтарға сәйкес азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде,  кемінде 10 күнтізбелік күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады.

Екінші өзгеріс, теориялық емтихан тапсыру кезінде кешенді психометриялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл зерттеулер олардың көлік құралын қауіпсіз басқаруға қажетті білімді, білік пен дағдыларды шынайы бағалау құралы ретінде жарамдылығын растауға бағытталады.

Сонымен қатар, емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Атап айтқанда, теориялық емтихан қабылдау кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылауда компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану тәуекелін азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.

Маңызды шара шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормаларды енгізу қарастырылған. Бұл жауапкершілік қызмет алушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға жәрдем көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Шаралар емтихан тапсыру процесінде бұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданады. Олардың қатарына тыйым салынған құрылғыларды пайдалану жатады. Бұдан бөлек, теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру мүмкіндігі енгізіледі.

Автомектептердің қызметіне қойылатын талаптарды да күшейту көзделеді. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Сондай-ақ олардың қызметін лицензиялау енгізу жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензияны толық кері қайтарып алу шарасы қарастырылады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да алдағы күндері күн суытады

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *