Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүріп, әр маусымның мінезін дәл таныған.Әрбір табиғи құбылысқа атау беріліп, оның астарына терең мән жүктелген. Көктемнің келуімен бірге даланы «алтын күрек» желі кезеді. Қыстың соңғы қарын ысырып, жерді тіршілікке дайындайтын бұл желді халық жақсылықтың нышаны деп қабылдаған. Осы кезде диқандар «Көктен жаудыр, жерден өндір» деп, молшылық тілеген. QM тілшісі ауа райына байланысты қазақ атауларына шолу жасады.

Бесқонақ

Көктем басындағы ең белгілі құбылыстардың бірі — бесқонақ. Наурыздың соңы мен сәуірдің басында бес-жеті күнге созылатын бұл кезеңде ауа райы күрт құбылып, жаңбыр жауып, жел күшейіп, күн суытады. Халық аңызында бұл уақыт «жолдан адасып, бір үйге паналаған бес жолаушының» тарихымен байланыстырылған. Сол себепті ел ішінде «бесқонақ өтпей, көктем келмейді» деген сөз қалған. Бұл күндері қазақтар алыс сапарға шықпай, малды да ұзатпаған. Сонымен қатар, бесқонақтың болуы — болашақ жаздың берекелі болатынының белгісі деп есептелген.

Құс қанаты

Сәуірге қарай табиғат тағы бір құбылысқа куә болады — құс қанаты. Бұл кезде жылы жақтан оралған құстармен бірге ауа райы да құбылып, кейде қар аралас жаңбыр жауып, суық жел соғады. Халық ұғымында құстардың қанаты көктемнің тынысын алып келеді.

Сәуірдің ортасынан кейін алғаш рет күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Қазақ мұны бейнелі түрде «Қызырдың қамшысы шартылдады» деп сипаттаған. Бұл — қыстың біржола кеткенінің белгісі.

Көктем соңына таман тағы бір қысқа мерзімді салқын кезең байқалады. Оны халық «тобылғы бүршік жарған» деп атаған — табиғаттың қайта түлеп, өсімдіктердің бүршік атуымен байланыстырады.

«Бес ешкінің суығы»

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында күтпеген суық жел тұрып, бірнеше күнге созылады. Бұл құбылыс «бес ешкінің суығы» деп аталады. Осы кезең өткен соң ғана шын мәніндегі жылылық орнайды.

Ал ерекше мәнге ие құбылыстың бірі — құралайдың салқыны. Бұл уақытта киіктер төлдеп, жаңа туған құралайлар суыққа төтеп береді. Табиғаттың қаталдығына қарамастан, тіршілік қайта жанданып, дала өмірге толады. Суық жел мен жаңбыр қатар жүретін бұл кезең көктемнің соңғы сынағы іспеттес.

Халықтық метеорология — жай ғана бақылау емес, ол табиғат пен адамның арасындағы үйлесімді байланыстың көрінісі. Әр атаудың артында ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе мен даналық жатыр.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды әр 10 күн сайын тапсыра алады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *