Қазақстанда жедел медициналық көмек көрсету ережелері өзгереді. Жаңа талаптар 13 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Енді жедел жәрдем шақырған адам арнайы сервис арқылы бригаданың қай жерде келе жатқанын нақты уақыт режимінде бақылай алады. Бригада шақыртуға шыққаннан кейін пациентке автоматты хабарлама жіберіледі.
Шақыртулардың санаттары да нақтыланды. Бұрынғы төртінші санаттың орнына «шұғыл жағдай» ұғымы енгізілді. Мұндай шақыртуларға бригада 60 минутқа дейінгі уақытта жетуі тиіс. Бірінші санатқа — 10, екіншіге — 15, үшіншіге — 30 минутқа дейін уақыт беріледі.
Шұғыл жағдайларға байланысты шақыртулар жұмыс уақытында емханалардың мобильді бригадаларына беріледі. Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Пациент тіркелген мекенжайында болмаса да, бригада оған қызмет көрсету аумағындағы нақты тұрған жері бойынша барады.
Жедел жәрдем және мобильді бригадалар бейнежетондармен, рациялармен және камералармен жабдықталады. Көліктерге GPS және бейнебақылау жүйелері орнатылады. Дәрігерлерге қауіп төнген жағдайда полиция шақырылады. Егер жалғыз ата-анасы немесе заңды өкілі ауруханаға жатқызылып, бала қараусыз қалса, ол уақытша полиция қызметкерлеріне тапсырылады.
Ал өміріне қауіп төнген пациент тіркелген емханасына қарамастан, жақын маңдағы шұғыл көмек көрсететін ауруханаға жеткізіледі. Өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі №125 бұйрығымен енгізілген.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық 30 ұстаз түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды

