Қазақстанда зейнетақы жүйесін өзгерту мәселесі талқыланып жатыр. Бұл тақырып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен арнайы жұмыс тобының отырысында қаралды, деп жазады Qazaqstan Media.

Жиында бірнеше жаңа ұсыныс таныстырылды. Соның бірі – Сингапурдың зейнетақы жүйесіне ұқсас модель. Бұл жүйе бойынша азаматтар зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін зейнетке шықпай тұрып-ақ тұрғын үй алуға, оқу ақысын төлеуге, емделуге немесе инвестиция жасауға пайдалана алады. Жинақ үш бөлек шотта сақталады. Оның біреуі баспана мәселесін шешуге арналған.

Алайда сарапшылар бұл жүйенің мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүддесін қаншалықты қорғайтынын әлі де мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, тағы екі ұсыныс қарастырылды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры зейнетақы төлемінің мөлшерін адамның жалақысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша жыл қатысқанына қарай есептеуді ұсынды.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші аударатын жарнаның 4 пайызын қызметкердің жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызын ортақ сақтандыру қорына аударуды ұсынды.

Еңбек министрлігі әзірге ешқандай шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Қазір барлық ұсыныстар талқыланып жатыр. Қай модель таңдалатыны олардың халыққа, бюджетке және зейнетақы жүйесіне әсері жан-жақты бағаланғаннан кейін белгілі болады.

Тағы оқыңыз: Конституциялық сот жаңа Конституция бойынша сайлауға түсу тәртібін түсіндірді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *