Қазақстан Республикасының Конституциялық соты президенттің өтініші бойынша 2026 жылғы Конституцияның бірқатар нормаларына ресми түсіндірме берді. Шешім 1995 жылғы Конституция кезінде мемлекеттік лауазымдарды атқарған азаматтардың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қайтадан сайлануы немесе тағайындалуына қатысты қабылданды, деп жазады Qazaqstan Media.

Конституциялық соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы Конституцияда белгіленген шектеулер тек осы Конституция мен оған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер аясында қолданылады. Сондықтан 1995 жылғы Конституция кезеңінде белгілі бір лауазымда болған мерзімдер мен сол кезеңдегі сайлану немесе тағайындалу фактілері жаңа Конституциядағы шектеулерді қолдану кезінде есепке алынбайды.

Соттың қорытындысына сәйкес, 1995 жылғы Конституция кезінде аталған қызметтерді атқарған адамдар 2026 жылғы Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала алады. Бұл олардың жаңа Конституция аясындағы алғашқы сайлануы немесе алғашқы тағайындалуы болып есептеледі.

Осылайша, Конституциялық сот жаңа Конституцияда көзделген шектеулердің бұрынғы Конституция кезеңіндегі қызмет өтіліне кері күші жоқ екенін ресми түрде түсіндірді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да уақытында өтелмеген несие көлемі өсті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *