Мемлекет басшысының цифрландыруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында Петропавлда ауқымды цифрлық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Қала әкімінің айтуынша, биыл Петропавлда 1 140 бейнебақылау камерасын біріктіретін интерактивті карта жасалады.
«495 камера қоқыс алаңдарында орнатылады. Олар контейнерлердің толуын, ірі көлемді қоқыстың заңсыз тасталуын және қоқыстың уақытылы шығарылуын бақылайды. 105 камера адамның жүзін тану арқылы құқық бұзушылықтарды анықтайды. Ал 240 камера жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркесе, 300 камера көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқиды», – деді Серік Мұхамедиев.
Оның сөзінше, жаңа жүйе ұрланған көліктерді автоматты түрде анықтап, олардың қозғалысын бақылауға және жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған автокөліктерді табуға мүмкіндік береді.
Қалада жолдардың жағдайын бақылауға арналған цифрлық жүйе де енгізіліп жатыр. Ол жолдағы ақауларды нақты уақыт режимінде анықтап, жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Сонымен қатар Петропавлда бейімделетін «ақылды» бағдаршамдар іске қосыла бастады. Алғашқысы Жамбыл мен Абай көшелерінің қиылысында орнатылған.
«Бұл жүйе көлік ағынын автоматты түрде талдап, бағдаршамның жұмысын жолдағы қозғалыс қарқынына қарай реттейді. Соның арқасында көліктердің өткізу қабілеті артып, жүргізушілердің күту уақыты қысқарады», – деді қала әкімі.
Серік Мұхамедиевтің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес қаланы цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да аптап ыстық та, нөсер жаңбыр да болады

