Қазақстанда Euronews халықаралық телеарнасының қазақ тіліндегі жаңалықтар қызметі ресми түрде іске қосылды. Жобаның таныстырылымы Астанада өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
Енді әлемдегі маңызды оқиғалар қазақ тілінде де ұсынылады. Алғашқы кезеңде жаңалықтар жұмыс күндері Euronews-тің YouTube арнасында жарияланады. Кейін олар телеэфирде және басқа да медиаплатформаларда көрсетіле бастайды.
Жобаны Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид және Euronews-тің Астанадағы бюро басшысы Боян Бркич таныстырды.
Жоба аясында Euronews халықаралық жаңалықтар контентінің шамамен 90 пайызы қазақ тіліне аударылып, дыбысталып, экрандағы графикалық және мәтіндік ақпарат толық қазақша ұсынылады.
Қазіргі таңда Euronews әлемнің 160-тан астам елінде хабар таратады. Жаңа бастама қазақ тілінің халықаралық ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттырып, қазақстандық көрермендердің әлемдік жаңалықтарды ана тілінде және түпнұсқа мазмұнына барынша жақын форматта көруіне мүмкіндік береді.
Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидтің айтуынша, қазақ тіліндегі хабар тарату – медиажелінің дамуындағы маңызды қадам.
«Euronews үшін қазақ тілінде жаңалық тарату – халықаралық желімізді дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Біз аудиториямызды кеңейтіп, сапалы ақпарат ұсынуды жалғастырамыз. Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Сондықтан бұл жобаны қолдаған Қазақстан Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түседі деп сенемін», – деді ол.
Тағы оқыңыз: Президент тапсырмасы: Петропавлда мыңнан астам «ақылды» камера орнатылады

