Қазақстанда қан донорларын ынталандыру мақсатында алғаш рет ресми «Құрметті донор» ведомстволық төсбелгісі тағайындалды. Тиісті қаулыны Үкімет қабылдады, деп жазады Qazaqstan Media.
Алғашқы кезеңде жаңа марапатқа 481 қазақстандық ие болады. Олар белгіленген талаптарға сай келіп, ұзақ жылдар бойы өтеусіз донорлықпен айналысып жүрген азаматтар. Төсбелгі Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз донорлық қызметі үшін беріледі. Ол үшін кемінде 40 рет қан немесе тромбоцит, не болмаса 70 рет қан плазмасын тапсыру қажет.
Жаңа марапаттың дизайнын Қазақстан теңге сарайы әзірлеген. Төсбелгінің негізгі белгісі – қызыл эмальмен көмкерілген қан тамшысы. Оның ішінде жүрек соғысының ақ түсті графикалық бейнесі орналасқан. Дизайнды Қазақстан Республикасы Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен.
Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, 255 мыңнан астам қан тапсыру рәсімі жүргізіледі. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан құйылып, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қан тапсырған қызметкер медициналық тексеруден өту және донорлық жасаған күні жұмысынан орташа жалақысы сақтала отырып босатылады.
Тағы оқыңыз: Биыл Қозыбаев университетіне рекордтық көлемде грант бөлінді

