Бүгін еліміз бойынша мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды. Қозыбаев университетінде талапкерлерді қабылдау комиссиясы таңғы сағат 8:00-де ашылды. Алғашқы сағаттардың өзінде қабылдау комиссиясына келушілер саны артты, деп жазады Qazaqstan Media.

Грант конкурсына қатысу үшін өтініштер 13–20 шілде аралығында қабылданады. Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн, виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov порталы арқылы тапсыруға болады.

Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фотосурет және орта білім туралы аттестат ұсынуы қажет. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері диплом тапсырады. Егер талапкер жеңілдетілген санатқа жатса, оны растайтын құжаттарды да қоса өткізеді.

Қозыбаев университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ербол Исакаевтың айтуынша, биыл елімізде жоғары білім алуға бұрын-соңды болмаған көлемде мемлекеттік грант бөлінген.

«Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігі 89 мыңнан астам мемлекеттік білім грантын бөлді. Соның шамамен 70 мыңы бакалавриат бағдарламаларына арналған. Бұл – талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік.  Қозыбаев университетіне биыл рекордтық көлемде грант бөлінген. Атап айтқанда, дипломға дейінгі бағдарламаларға – 200 грант, Аризона университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларына – 300 грант, педагогикалық мамандықтарға арналған нысаналы гранттар – 160. Сонымен қатар, еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден келетін талапкерлер үшін 145 арнайы грант қарастырылған», – деді Ербол Исақаев.

Бүгінде университетте 130-ға жуық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қабылдау комиссиясының жұмысы толық автоматтандырылған. Бір талапкерге қызмет көрсету уақыты орта есеппен бес минутты ғана алады.

Ербол Исакаев университеттің еліміздің барлық өңірінен студент қабылдайтынын айтты. Оның мәліметінше, бірлескен білім беру бағдарламаларында оқитын студенттердің шамамен 29 пайызы басқа облыстардан келген. Сонымен қатар, бүгінде оқу орнында әлемнің 16 елінен келген студенттер білім алып жатыр.

Биыл университет шетелдік талапкерлердің де саны артады деп күтуде. Әсіресе Әзербайжан, Үндістан, Түркия, Қытай және Моңғолиядан келетін жастарға қызығушылық жоғары. Сондай-ақ жалпы медицина және стоматология мамандықтарына сұраныс артқан.

Тағы оқыңыз: Петропавлдың 274 жылдығы думанды мерекемен аталып өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *