наубайшы

Петропавлдық наубайшы күніне 3 тонна қамыр илейді. Облыс тұрғындарының дастарханынан нан үзілмеу үшін Зүлфия Есмағанбетова басқалар шырт ұйқыда жатқанда жұмысқа барады. Ол 14 жылдан бері өңірдегі ең ірі нан-тоқаш комбинатында еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Солтүстік Қазақстан халқы жылына 18 мың тоннаға жуық нан тұтынады. Оның басым бөлігі жергілікті комбинатта өндіріледі. Тұрғындардың дастарханынан ас атасы үзілмес үшін наубайшылар күндіз-түні тер төгеді.

«Комбинатта жұмыс істеп жүргеніме 14 жылдан асты. Нан дастарханымызға оңайлықпен келмейді.Халқымыз нанды ас атасына балап, қастерлейді. Оны пісіру де оңай емес. Әр бөлкенің  дәмді болуы – қамырына байланысты, яғни менің жұмысыма. Қамыр сәтті шығуы үшін бар ынта-ықыласыңмен илеу керек. Қазір техника адамның жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен заман. Бірақ суын, ашытқысын, ұнын – бәрін өзіміз өлшеп қосамыз. Иін қандырып, қамырды бөлушілерге жіберемін. Күні бойы осы жұмыс қайталана береді. Нанның түр-түрі бар. Соның барлығын өзім илей беремін. Біздің цехта менен бөлек 5 келіншек жұмыс істейді», – дейді Зүлфия Есмағанбетова.

Облыстағы барлық дүкендерге нанды үздіксіз жеткізіп тұру міндет. Комбинат барлық ауданды ас атасымен қамтып отыр. Сондықтан кәсіпорын жұмысшылары бір мезетке де тыным таппайды. Зүлфия Есмағанбетованың жұмыс кестесі таңғы 7-ден басталады. Басқа наубайшылар келгенше қамыр ашып, дайын тұруы тиіс.

«Нан жай тағам емес. Күн сайын тұтынатын санаулы өнім бар. Нан сол тізімде бірінші тұр. Менің қолымнан шыққан тағам барша солтүстікқазақстандықтардың дастарханына жетеді. Сондықтан жүктелетін жауапкершілік жеңіл емес. Комбинатқа алғаш келгенде қаптама ораушы болдым. Одан қамыр бөлуші. Біртіндеп, қамыр илеудің қыр-сырын меңгердім», – дейді келіншек.

наубайшы

Кәсіпорын бір ғасыр бойы демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Комбинат айына 600 тонна нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Мұнда ас атасының 40 түрі пісіріледі. Өнім облыстың барлық аудандарынажәне көршілес өңірлерге жеткізіледі.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x