Петропавлдағы автожол өтпежолының құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Құрылысқа жауапты «БУКА» ЖШС директоры атқарылмаған жұмыстарды қағаз жүзінде аяқтап, жауапты қалалық бөлімнің лауазымды тұлғаларына құжаттарға қол қойдырып отырған. Қазір күдікті қамауда отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың тамызында Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған. Оның құны — 5,4 млрд теңге.
Алайда құрылыс барысында мердігер компания жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамай, кестеден жүйелі түрде кешіккен. Соған қарамастан, «БУКА» ЖШС директоры тапсырыс беруші жақтың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, іс жүзінде орындалмаған немесе толық аяқталмаған жұмыстарды орындалды деп көрсетіп, жалған актілерді рәсімдеп, оларға қол қойдырған.
Осылайша, мердігер компанияның есепшотына бюджеттен қомақты қаражат заңсыз аударылған. Алдын ала есеп бойынша, 2 млрд теңгеден асады. Қазір, сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдікті қамауға алынды. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тексеруде.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан автокөлікті заңсыз иеленіп кетудің 12 фактісі тіркелді

