Петропавлда Халықаралық балалар күніне орай ауқымды шара өтті

Петропавлда Халықаралық балалар күні кең ауқымда тойлануда. Тұңғыш Президент саябағында мерекелік концерт ұйымдастырылып, әр түрлі спорттық сайыстар өтуде. NIS оқушылары ұл-қыздарға роботехникадан шеберлік сағатын көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Күннің аптап ыстығына қарамастан, Тұңғыш Президент саябағының маңайына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Олардың басым көпшілігі – облыстың кішкентай тұрғындары. 11 жастағы Анастасия Макаренко Халықаралық балалар күніне байланысты өтетін концертті тамашалау үшін жыл сайын осы жерге анасымен келеді екен.

«Халықаралық балалар күні – менің ең сүйікті, асыға күтетін мерекем. Бұл күні бізге ерекше назар аударылады. Жылда концерт ұйымдастырылып, көңіл-күйімізді көтереді. Бүгінгі мереке де жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өте қуаныштымын», – дейді Анастасия.

Халықаралық балалар күніне орай сахнада жергілікті өнерпаздар мен облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ұжымдары өнер көрсетіп жатыр. Талантты жандар әсем әннен шашу шашып, мың бұрала билеуде. Концерт кешкі 5-ке дейін жалғасады.

«Жергілікті таеквондо мен киокушенкай каратэден республика, әлем чемпионы атанған спортшылар келушілерге өз спорттық өнерлерін көрсетпекші. Қазір облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының алаңында сурет салудан конкурс өтіп жатыр. Балалар «Жаз», «Демалыс», «Туған жер» сияқты еркін тақырыпта асфальтқа қиялдарындағы бейнелерді салып жатыр», – дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Ирина Колодаева.

Саябақ аумағында шахматтан қалалық турнир де ұйымдастырылды. Кішкентай жерлестеріміз спорттық шараға қатысып, өзара бақ сынасуда.

NIS оқушыларының роботехника бойынша дайындап әкелген шеберлік сағаты мұнда келушілердің ерекше қызығушылығын оятты.

«Роботтардың барлығы телефон арқылы басқарылады. Мектеп оқушылары олардың барлығын  өз қолдарымен жасаған. Бүгін студенттеріміз келушілерді роботтармен таныстырып, басқаруды үйретіп жатыр», – дейді химия-биология бағытындағы NIS мұғалімі Дарья Сергиенко.

Тағы оқыңыз: МӘМС жайлы ақпаратты 1414 нөмірінен білуге болады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x