Петропавлда қаржы пирамидасын құрған экс-полицейлерге қатысты сот отырысы басталды

Петропавл қалалық сотында қаржы пирамидасын құрып өңірдің 110 тұрғынын сан соқтырып кеткен бес азаматқа қатысты сот отырысы басталды. Олар 109 млн теңгенің шығын келтірген. Қылмыстық іс 52 томнан тұрады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Сот отырысына ондаған адам келген. Олардың барлығы Qnet қаржы пирамидасына кіріп, ақшаларынан айырылып қалған тұрғындар. Жалпы тізімде 110 жәбірленуші бар. Солардың бірі – Әсия Арсенова. Булаево қаласының тұрғыны 2018 жылы қаржы ұйымына кірген.

Петропавлда қаржы пирамидасын құрған экс-полицейлерге қатысты сот отырысы басталды

 

«Құрбым аталған ұйымға аудандық полиция бөлімінің басшысы болған, ал кейін облыстық департаментке ауысып кеткен Наурызбек Исин жетекшілік етеді деді. Және өзге де беделді адамдар бар екендігін айтты. Оған қоса, Qnet-тің кеңсесі дәл аудандық салық органдарының ғимаратында орналасты. Соған сеніп мен 750 мың теңгемді салдым. Еш күмән болған жоқ. Соңымнан адамдарды тарту керек болды. Төрт ұлымды шақырып едім, олар сенбеді», – дейді алданған Әсия Арсенова.

Қаржы пирамидасына кірген тұрғындарға қымбат сағат және саяхатқа жолдама береміз деп сендірген. Бірақ уәделерінде тұрмапты. Содан келіншек тек 2023 жылы ғана сотқа шағымданған.

Петропавлда қаржы пирамидасын құрған экс-полицейлерге қатысты сот отырысы басталды

«Қаржы пирамидасына кіру үшін несие алдым. Оны төлеп бітірдім. Бірақ мен білетіндердің көбі әлі күнге дейін кредитін төлеп жүр. Өйткені, 5 млн теңгеге дейін қаржы құйғандар бар. Тіпті, туысқандарын тартып, бүкіл отбасымен қарызданып қалғандарды да білемін. Көбі сотқа шағымданған да жоқ. 110 адам жәбірленуші ретінде тіркелген. Бірақ бұл зардап шеккендердің тек жартысы ғана деп ойлаймын», – деді алданған тұрғын.

Осылай тұрғындарды сан соқтырып кеткендердің арасында екі экс-полиция қызметкері де бар. Олардың бірі – Сансызбай Сыздықов. Ал екіншісі, бір кездері облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары болған Наурызбек Исин. Қаржы пирамидасын құрғандардың арасында облыстық полиция департаментіне қарасты медициналық ұйымның қызметкері Әсел Елубаева да болған. Сондай-ақ ағалы-қарындасты Райхан және Еркін Камалиевтер бар. Соңғы екеуі ең бірінші болып, Qnet-ке кірген. Кейін таныстарын тарта бастаған. Мұны сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы айтты.

«Ал 2018 жылдың қараша айында маркетинг саласында жеткілікті тәжірибе жинап алған Еркін Камалиев табыс табуды көздеп, СҚО-да қаржы пирамидасын құрады. Яғни, басқалардың жарналары есебінен кейбір қатысушыларды байытуды көздейді. Өзінің қылмыстық ниетін ойдағыдай іске асыру үшін ол басқа адамдарды да тарту керек екенін түсініп, ұйымдастырушылық қабілеті бар және таныстары көп Наурызбек Исинді шақырады. Ал ол өз кезегінде Сансызбай Сыздықовты тартқан», – деді облыстық прокуратураның прокуроры Марат Досмұқанов.

Сөйтіп, 2018-2021 жылдар аралығында олар жүздеген тұрғынды қаржы пирамидасына тартып, 109 млн теңгеден астам шығын келтірген. Ал жұртты алдап тапқан ақшаға Еркін Камалиев, тіпті бизнес те ашты. Ол жүк тасымалымен айналысқан.

Петропавлда қаржы пирамидасын құрған экс-полицейлерге қатысты сот отырысы басталды

«Осылайша, Еркін Камалиев қылмыстық жолмен 3 млн 418 мың 700 теңге мөлшерінде табыс тапқан. Сөйтіп, оған ҚР ҚК 218-бабының 1-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) және ҚР ҚК 217-бабының 3-бөлігі (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша айып тағылып отыр», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айыпталушы деп танылған қалған төрт адам да қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету бабы бойынша айыпталып отыр.

Сот процессі барысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары өздерін суретке түсіруден бас тартты. Айта кетейік, олардың екеуі яғни, Әсел Елубаева мен Райхан Камалиева үй қамаққа алынған. Ал қалған үшеуі тергеу изоляторында отыр.

Сот отырысы барысында айыптаушылардың бірде-біреуі өз кінәсін мойындамады.

Тағы оқыңыз: Таныстарынан жақындарының еміне деп ақша жинаған петропавлдық сотталды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x