Петропавл қаласының тұрғындары кешеден бері суысыз отыр. Оған тасқын кезінде мұздардың электр бағандарын қиратуы себеп болды. Салдарынан «Қызылжар су» ЖШС бірінші сорғы станциясына электр энергиясын беру тоқтатылған. Қазір жергілікті билік өкілдері мәселені шешу жолдарын қарастыруда, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

12-ші сәуірден бастап облыс орталығында су беру тоқтатылды. Есіл өзенімен ағып келген алып мұздар электр бағандарын қиратып кеткен. Салдарынан су сорғыш станциясына электр энергиясын беру тоқтап, қала сусыз қалды. Кейін қалалық әкімдік 50 көлікпен су жеткізуді ұйымдастырған болатын. Алғашында тіршілік нәрі 4 сағаттан кейін беріледі деп уәде етілген. Алайда проблема шешімін таппады. Содан қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындардан кешірім сұрап, мұздардың келуі жұмысты қиындатқанын айтқан болатын. 13-ші сәуірдегі брифингте шаһар басшысы жағдайдың әлі оңалмағанын айтты.

«Су берудің екі жолын қарастырып жатырмыз. Біріншісі, сол апат болған сорғы станциясы арқылы бірден су беру. Кеше онда құбыр орнатыла бастады. Бұл жұмыстар аяқталуға шақ қалды. Бірақ, өзен ағысы қатты болып, мамандарға қауіп төнгесін қайтарып алдық. Екіншісі ол Пестрое көлінен су алу. Қазір ол жердегі судың сынамасын алдық. Ол талаптарға сай келеді. Бірақ оны ішуге болмайды. Тек техникалық су ретінде қолдану қажет. Және айта кететін нәрсе, бұл мәселе шешілсе де су тек ертең ғана берілуі мүмкін», – деді қала әкімі.

Еске сала кетейік, мұндай жағдай аудандарда да орын алған болатын. Тасқын сумен ағып келген мұз бөлшектері бағаналарды құлатып, 10-ға жуық ауыл жарықсыз отырған еді. Сондықтан брифинг барысында журналистер осындай жағдайға неге ертерек дайындалмадыңыздар деп сұраған еді. Шаһар басшысы мұны өздерінің жіберген қателігі деп мойындады.

«Біз мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпыз. Бұл ең алдымен біздің қателігіміз, өйткені олар проблеманың барлық жағын қарастырмаған. Болашақта мұндай жағдай болмас үшін біз қорытынды жасаймыз. Бұл жағдай бізге сабақ болады», – деді қала әкімі.

Тағы оқыңыз: Бескөл ауылына су кірді

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x