Қазақстанда пәтерді жалға беру үшін барлық адамға бірдей жеке кәсіпкер (ЖК) болып тіркелу міндетті емес. Мұның бәрі қанша табыс табатыныңызға және пәтерді кімге жалға беретініңізге байланысты. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді, деп жазады Qazaqstan Media.
Егер бір жылда пәтерді жалға беруден түсетін табысыңыз 1 557 000 теңгеден аспаса, ЖК ашпай-ақ жұмыс істей аласыз. Бірақ бұл жағдайда да алған табыс үшін жеке табыс салығын төлеу және жыл сайын 15 қыркүйекке дейін 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыру қажет.
Егер пәтеріңізді компанияға немесе жеке кәсіпкерге жалға берсеңіз, онда табыс салығын сіздің орныңызға жалға алушы төлейді. Сондықтан мұндай жағдайда да ЖК тіркеудің қажеті жоқ.
Тағы бір мүмкіндік – өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелу. Бұл режим жалдамалы қызметкерлері жоқ және ай сайынғы табысы 1 297 500 теңгеден аспайтын азаматтарға арналған. Мұнда жеке табыс салығы төленбейді. Оның орнына 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер аударылады. Барлық төлем E-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі, ал декларация тапсырудың қажеті жоқ.
Ал егер пәтерді жалға беру тұрақты табыс көзіне айналып, кәсіпкерлікпен айналыссаңыз, онда ЖК ретінде тіркелу керек. Бұл жағдайда жалпы немесе оңайлатылған салық режимін таңдауға болады.
«Қазір Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру қызметімен айналысатын 801 жеке кәсіпкер тіркелген. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде пәтерін жалға беретін 30 мыңға жуық адам бар»,-деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда зергерлік бұйым дүкенін тонап, өрт шығарған ер адам бес жылға сотталды

