Бүгін – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды күндердің бірі. 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап заңды күшіне енді. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов бұл құжат елдің болашағына, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет ететінін айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
11 бөлім мен 96 баптан тұратын Ата заң елдің одан әрі дамуының негізгі бағытын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін – Тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше күн. Халықтық Конституция заңды күшіне енді. Бұл құжат ел игілігіне, жастардың жарқын болашағына қызмет етеді деп сенемін. Себебі жаңа Конституцияның ең басты құндылығы – адам, оның құқықтары мен заңның үстемдігі. Қазақтың заңғар жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың: «Заңды сыйлаған елдің еңсесі биік» деген нақыл сөзі бүгінгі күні де өзекті. Сондықтан заңды құрметтеу және оны сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Сонда ғана заңның үстемдігі орнап, оның халық игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін», – деді Кемел Оспанов.
Айта кетейік, жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға бағытталған маңызды құжат саналады.
Тағы оқыңыз: Пәтерді жалға беру үшін жеке кәсіпкерлік ашу міндетті ме?

