Онлайн сауда жасап опық жегендер қатары артуда

СҚО-да тауарға онлайн тапсырыс беремін деп сан соғып қалған тұрғындардың қатары көбейген. Көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшева айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Соңғы кездері тұрғындардың басым көпшілігі қажетті тауарларды интернет-дүкендер арқылы тапсырыспен алдыруға көшті. Әрине, бұл уақыт пен қалтадағы қаражатты әлдеқайда үнемдейтіні сөзсіз. Дегенмен, осы тұрғыда барынша сақ болған абзал. Өйткені, онлайн сауда жасаймын деп опық жеп қалуыңыз бек мүмкін.

«Биыл 2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда электронды саудада тұрғындардың құқығын бұзу туралы келіп түскен өтініштер саны 2 есеге артты. Көп жағдайда азаматтар жеткізілген тауар интернет-сайтта көрсетілгеніне мүлдем сай келмейтінін айтып шағымданады. Ол аздай, саудагерлер өнімді қайтып алудан және қаражатты қайтарудан жалтарады. Осы ретте тұрғындардың қашықтан тапсырыс берерде бейқамдықтары мен сенгіштіктері басым екенін айтқым келеді. Барынша сақ болған дұрыс», – дейді Ләзім Мияшева.

Яғни, жарнамаларда жылтырап тұрған өнімге аса қатты қызығудың қажеті жоқ. Оған тапсырыс бергеннен кейін мүлдем басқа тауардың келіп тұрмасына ешкім кепілдік бермейді. Мәселен, интернет арқылы Iphone 14 таңдаған солтүстікқазақстандыққа сапасы төмен, арзан телефонды салып жіберіпті. Кейіннен Instagram желісіндегі саудагер жайлы ақпараттың түгелі өтірік, тіпті мұндай дүкеннің жоқ екені белгілі болды.

«Осындай жағдайға тап болмау үшін алғыңыз келген тауар жайлы ақпаратпен толық танысып, оның кепілдік мерзімі қашанға дейін екенін анықтап біліп алыңыз. Саудагерден сатылымды растайтын барлық құжаттарды талап ету артықшылық етпейді. Сонымен қатар, интернет-дүкен мен сатушы жайлы өзге клинеттердің жазған пікірлерін оқып шығу керек. Ең бастысы – сенімсіздік тудыратын саудагерлерге жеке деректеріңізді айтпаңыз, төлем жасауға да асықпаған жөн», – дейді маман.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 21 адам қайтадан қамауға алынды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x