Қазақстанда МӘМС жарнасы азаматтардың жеке шотында жиналмайды. Қаражат ортақ сақтандыру пулына түсіп, сақтандырылған тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге жұмсалады.

Қазақстанда МӘМС жарнасын төлейтін азаматтар арасында «Жиналған ақша қайда кетеді?», «Неге оны жеке шотта сақтап, қажет кезде өзіме жұмсай алмаймын?» деген сұрақ жиі туындайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.

МӘМС жарнасы жеке шотта жиналмайды. Қаражат ортақ сақтандыру пулына түсіп, сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Жүйе «дені сау адам – науқас адамға, жұмыс істейтін азамат – әлеуметтік осал топқа көмектеседі» қағидатына негізделген.

Қор мәліметінше, жұмыс істейтін азаматтан жылына орта есеппен 276,8 мың теңге, ал өзін-өзі төлеушілерден шамамен 51 мың теңге жарна түседі. Ал күрделі медициналық қызметтердің құны бұл сомадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.

Мысалы, 2025 жылы ишемиялық және геморрагиялық инсультпен ауыратын науқастарды емдеуге МӘМС қорынан 28,9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Дің жасушаларын трансплантациялауға 124 пациентті емдеу үшін 810,6 млн теңге бөлініп, оның 743,3 млн теңгесі МӘМС қаражаты есебінен төленген.

Сонымен қатар қор азаматтардың медициналық қызметтердің сапасы мен қаржының жұмсалуын бақылауын күшейтпек. «МӘМС 2.0» жаңа моделі аясында Qalqan цифрлық порталы енгізілуде. Ол медициналық қызметтерге төленетін қаражатты бақылауға және орындалмаған немесе негізсіз көрсетілген қызметтерді анықтауға мүмкіндік береді.

Ал eGov Mobile мен Бірыңғай жеке кабинет арқылы азаматтар өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің тарихын көріп, қызметті алғанын растай немесе көрсетілмеген қызмет туралы хабарлай алады. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасына баға беріп, шағым түсіруге мүмкіндік қарастырылған.

Қордың түсіндіруінше, МӘМС-ті жеке депозит ретінде емес, күтпеген жағдайда қымбат емнің шығынын ортақ жүйе арқылы өтеуге мүмкіндік беретін әлеуметтік медициналық сақтандыру механизмі ретінде қарау қажет.

Материал bairak.kz ақпараттық порталынан алынды

Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-turghyndary-koebine-bilim-berw-men-kommwnaldyq-maeseleler-bojynsha-shaghymdanady/

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *