Әлемдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі – Кембридж университетінде Солтүстік Қазақстанның «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі ашылды. Жоба байтақ даланың тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, Ботай мәдениетін ЮНЕСКО-ның тұрақты тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ботай мәдениеті – біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарда қазіргі өңір аумағында қалыптасқан ежелгі мәдениет. Ғалымдар дәл осы кезеңде жылқыны қолға үйретудің алғашқы белгілері болғанын айтады. Көрмені Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі ұйымдастырды. Келушілер назарына музей қорындағы көне жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ бейнелеу өнерінің 22 туындысы ұсынылды.
Кембридждегі іс-шара аясында Макдональд археологиялық зерттеулер институты «Еуразиядағы ежелгі қарым-қатынастарды зерттеудің жаңа бағыттары» атты халықаралық ғылыми конференция да өткізді. Оған Қазақстан, Ұлыбритания және өзге елдердің жетекші археологтары мен зерттеушілері қатысты. Жиында қола және темір дәуірлерінен бастап орта ғасырлар мен көшпелі қоғамдарға дейінгі Еуразия тарихының өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қазақстандық және британдық ғалымдардың Ботай мәдениетін зерттеу бағытындағы бірлескен жұмыстары сөз болды.
«Басты мақсат — Ботай мәдениетін әлемге таныту. Ботайдың бірегей археологиялық мұрасы халықаралық деңгейде мойындалуға және одан әрі зерттеуге лайық», — делінген СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы берген хабарламада.

