Солтүстік Қазақстан облысында Құрылтай депутаттарын сайлау барысын «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері бақылап отыр. Коалиция өкілі Qazaqstan Media тілшісіне берген сұхбатында қазіргі уақытта байқаушылар тарапынан өтініштер түспегенін, сайлау процесі қалыпты жағдайда өтіп жатқанын айтты.
23 тамызда өңірдегі 530 сайлау учаскесінде «Дауыс» коалициясының байқаушылары жұмыс істеп жатыр. Оның 92-сі Петропавл қаласында орналасқан. Байқаушылар дауыс беру басталған сәттен бастап учаскелер жабылып, дауыс беру қорытындысы шығарылғанға дейін сайлау процесін қадағалайды.
Коалиция өкілінің айтуынша, қоғамдық байқаушылардың негізгі міндеті – дауыс беру барысында сайлау заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жасау.
«Байқаушылар сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылап отырмыз. Егер қандай да бір мәселе немесе заңбұзушылық байқалса, ол туралы өңірлік штабқа жедел хабарланады. Аудандарда мобильді топтар жұмыс істейді, штабпен тұрақты байланыс орнатылған», – деді «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының байқаушысы Гүлнәр Қалиева.
Сайлау барысын бақылауға тартылғандардың басым бөлігі үшін бұл алғашқы саяси науқан емес. Олардың арасында бұған дейінгі сайлаулар мен референдумдарда байқаушы болып, тәжірибе жинаған азаматтар бар.
Коалиция өкілдері сайлау күні учаскелердегі жағдай туралы ақпаратты жедел жинап, өңірлік штаб арқылы саралап отырады.
«Біздің мақсатымыз – сайлау процесінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне қоғамдық бақылау жасау. Қазіргі уақытта саяси науқан барысы тұрақты өтіп жатыр», – деді сұхбат барысында коалиция өкілі.
«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері дауыс беру аяқталғаннан кейін де учаскелерде қалып, қорытынды шығару процесін бақылауды жалғастырады.
Тағы оқыңыз: Ақ жаулықты әжелерден – ақ бата: сайлау учаскесінде ерекше сәт болды

