Жамбыл ауданында сайлау күні үлкеннің өнегесі мен ұлттық дәстүр астасқан әсерлі сәт болды. Жамбыл ауылының 86 жастағы қадірлі ақсақалы Серік Қазиев сайлау учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасады. Дауыс бергеннен кейін қария көпшілікке ақ батасын беріп, елдің амандығы мен халықтың бірлігін тіледі, деп жазады Qazaqstan Media.

Жасы сексеннің алтауына келсе де, ақсақал ел өміріндегі маңызды саяси оқиғадан шет қалмауды жөн көрген. Сайлау учаскесіне келіп, азаматтық құқығын пайдаланып, дауысын берді. Қарияның бұл қадамына ауылдастары да куә болды.

Серік Қазиев – Жамбыл ауылында үлкен құрметке ие қариялардың бірі. Ауылдастары оны сабырлы мінезі, парасат-пайымы мен елге деген жанашырлығы үшін ерекше сыйлайды. Екі бала тәрбиелеп өсірген ақсақал бүгінде алты немере мен бір шөберенің сүйікті атасы. Өмірден көрген-түйгенін кейінгі буынға айтып, жастарға ақыл-өнегесін жеткізіп келеді.

Дауыс беру рәсімінен кейін Серік ата жиналған жұртқа қолын жайып, ақ батасын арнады. Қария елдің іргесі бүтін, жұрттың тыныштығы баянды болуын, халықтың ынтымағы мен бірлігінің нығаюын тіледі. Әр шаңыраққа бақ-береке, ұрпаққа амандық, Қазақстанға бейбіт өмір мен жарқын болашақ тіледі.

Қазақ халқы үшін үлкеннің батасы – ізгі тілек қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұра. Сондықтан сайлау учаскесінде айтылған ақсақалдың ақ батасы бұл күнге ерекше жылылық пен мән берді.

Жамбыл ауданындағы бұл көрініс азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтардың әдемі сабақтастығына айналды. 86 жастағы ауыл ақсақалының өз таңдауын жасап, кейінгі буынға ақ батасын беруі сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің бірі болды.

Тағы оқыңыз: Ақ жаулықты әжелерден – ақ бата: сайлау учаскесінде ерекше сәт болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *