Мамырдың екінші жексенбісінде, Қазақстан Аналар күнін атап өтуде. Биыл айтулы мереке 10 мамырға сәйкес келді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
 
Бұған дейін елімізде Аналар күні қыркүйек айында тойланатын. Алайда, Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес, мереке мамыр айының екінші жексенбісіне бекітілді. Мереке датасы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында ауысты.
 
Аналар күнін мамырдың екінші жексенбісінде тойлау дәстүрі әлемнің 20-дан астам елінде қалыптасқан. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия мен Аустралия сияқты мемлекеттер бар. 
Елімізде аналардың мәртебесін көтеріп, отбасы институтын нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Аналар кеңесі» құрылған болатын. 
 
Бүгінде республика бойынша Аналар кеңесінің 1700-ден астам бөлімшесі жұмыс істейді. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1 481 ауылдық бөлім бар. Ал кеңес құрамында 16 051 әйел қызмет етеді.
 
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыны 338 мың адам алған. Бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар, жұмыс істейтін нәзікжандыларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.

Еңбек заңнамасы аясында аналарға қысқартылған жұмыс күні, ақылы үзіліс және толық емес жұмыс уақыты тәртібі сияқты жеңілдіктер ұсынылады. Соңғы жылдары бала күтімі бойынша төлем мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жаңа қолдау тетіктері енгізілді.

Аналар күні – тек құттықтау айтылатын күн емес. Бұл – ананың қоғамдағы рөлін бағалап, оның өмір сапасын жақсарту жолдарын ойластыратын маңызды дата. Данагөй ана – мықты отбасының кепілі. Ал мықты отбасы қуатты мемлекеттің негізі болып қала бермек.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Ұлы Жеңіс күніне орай ауқымды концерт өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *