Қазақстанда адамның ресми табысы мен сатып алған мүлкінің құны сәйкес келмесе, салық органдары қаражаттың қайдан келгенін сұрауы мүмкін. Бұл туралы қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Үкіметтегі брифингте айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мәселен, айына 300 мың теңге жалақы алатын адамның 100 млн теңгеге пәтер сатып алған жағдайын мысалға келтірді. Вице-министрдің айтуынша, мұндай ірі сатып алу салық органдарының назарын аударуы мүмкін.

Smart Data Finance жүйесі жылжымайтын мүлік, көлік, жер және басқа да мәліметтерді қоса алғанда, 80-ге жуық дереккөзден ақпарат жинайды. Егер адамның ресми табысы оның сатып алған қымбат мүлкіне сәйкес келмесе, қаражаттың қайдан алынғанын түсіндіру ұсынылады.

Мысалы, ақша бұрын жинақталған болуы, басқа табыстан түсуі немесе өзге заңды көзден алынуы мүмкін. Қажет болған жағдайда азамат оны растайтын мәліметтерді ұсынады. Ал сол табыстан салық төленуі тиіс болса, оны заңға сәйкес төлеу қажет.

Әсет Тұрысов салық органдары қазақстандықтардың барлық банк аударымдарын көре алмайтынын да атап өтті. Банктік құпия заңмен қорғалған, сондықтан аударымдар туралы ақпаратқа тек заңда көзделген жағдайларда ғана қол жеткізіледі.

Сонымен қатар қандай жалақы немесе қандай сомадағы сатып алу автоматты түрде тексеруге себеп болатыны айтылған жоқ.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын онлайн бақылай алады

Поделиться:

Shares