Уәлиханов ауданындағы Ақбұлақ ауылында сайлау күні ұлттық бояуға бөленді. №522 сайлау учаскесіне тұрғындар қазақы нақыштағы киімдерін киіп, көтеріңкі көңіл күймен келді. Олар өз таңдауларын жасап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің ерекше үлгісін көрсетті, деп жазады Qazaqstan Media.
Оюлы қамзол, әсем бас киімдер мен ұлттық нақыштағы киімдер сайлау учаскесіне мерекелік реңк берді. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіретін маңызды сәт қана емес, атадан балаға жалғасқан салт-дәстүрді тағы бір жаңғыртуға мүмкіндік болды.
Ұлттық киіммен келгендердің арасында «Шапағат» этномәдени орталығының өкілдері де бар. Олар сайлауға белсенді қатысып, азаматтық құқықтарын пайдаланды. Сонымен бірге қоғамдық маңызы бар күні ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуді де назардан тыс қалдырмады.
Қазақ халқы үшін ұлттық киім – әсемдік үшін ғана киілетін сәндік бұйым емес. Оның әрбір оюы мен өрнегінде ғасырлардан жеткен тарих, халықтың дүниетанымы мен мәдениеті жатыр. Сондықтан ұлттық киімді мерекелерде ғана емес, осындай қоғамдық шараларда да кию – ұлттық мұраны күнделікті өмірмен сабақтастырудың бір жолы. Ақбұлақ тұрғындарының бастамасы сайлау учаскесіндегі қалыпты көрініске өзіндік ерекшелік қосты.
Осылайша, Ақбұлақ ауылындағы №522 сайлау учаскесінде бүгін таңдау мен дәстүр тоғысты. Ұлттық киім киген тұрғындар ел өміріндегі маңызды күнге ерекше сән беріп, азаматтық белсенділікті ұлттық құндылықтарға деген құрметпен ұштастырды.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық қалыңдықтар дауыс берді

