Аққайың ауданында Абай күніне арналған «Абай — қазақтың бас ақыны» атты әдеби-ағартушылық шара өтті. Оны аудандық кітапхана «Оқитын өңір» бағдарламасы аясында ұйымдастырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Іс-шара ашық аспан астында өтті. Оған мектеп оқушылары, жастар, ата-аналар және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында Абай Құнанбайұлының шығармалары қойылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандар ақынның өлеңдері мен поэмалары, «Қара сөздері», сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптармен танысты.

Кітапханашылар жиналғандарға Абайдың өмір жолы мен ағартушылық қызметі туралы айтып берді. Ақынның білімге, еңбекке және адамгершілікке үндеген шығармаларының маңызына тоқталды. Қатысушылар кітаптарды оқып, Абай шығармашылығы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ ақынның өлеңдерін еске алып, өздеріне ұнаған шығармалары туралы айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиет пен рухани мұраны кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданының полицейлерімен бір күн

