Ағаш экспортына қойылған шектеулер кәсіпкерлерге кедергі келтірді

Солтүстікқазақстандық орман пайдаланушылары ел аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуге салынған тыйымды алып тастауды сұрайды. Еске салсақ, бұл шектеуді өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енгізген болатын. Материалдардың кейбір түрлері Еуропа елдерінде сұранысқа ие болғандықтан, теріскейлік пайдаланушылар толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Сөздерінше, ағаш қалдықтары пайдаланылмағасын, жағып жіберуге мәжбүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Қоршаған ортаны қорғап, орман алқабын ұлғайту үшін елден ағаш материалдарының түрлерін шығаруға тыйым салынған еді. Алайда, шектеу жергілікті кәсіпкерліктердің жұмысын тежеп тұрған көрінеді. Жыл сайын Солтүстік Қазақстан облысының аумағында ағаш дайындау қызметінен жүз мың текше метрден астам кесу қалдықтары қалады. Олардан баламалы отын түйіршіктер мен брикеттерді өндіруге болады. Бұл іспен «Ахмутдинов» ЖК 8 жылдан бері айналысып келеді. Кәсіпорында өндірісті ұлғайту үшін қажетті заманауи жабдықтың бәрі бар. Алайда, Қазақстанда мұндай шикізат түрлері сатылмайтындықтан, қалдықтар жағылып, экологияға керісінше зиянын тигізуде дейді серіктестік басшысы. Тиісінше, қымбат жабдықтар да құр босқа тұр.

«Осы жылдың қаңтар айынан бастап біздің жұмысымыз тоқтап тұр. Өйткені, Қазақстан бойынша отын түйіршіктеріне сұраныс жоқ. Өткен жылдары Еуропа елдерінен мол тапсырыс түскен еді. Әлі де сұраныс бар, бірақ біз экспорттай алмаймыз. Бүгінде біз ағаш қалдықтарының тек 40%-ын пайдаға жаратамыз, қалған 60%-ы жағылады», – дейді «Ахмутдинов» ЖК директоры Сермұхамет Оралұлы.

Орман пайдаланушыларын алаңдатқан мәселе «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында көтерілді. Сарапшылар да оларды қолдап отыр. Сөздерінше, шектеуді алып тастаудың арқасында экспорттық кіріс артып, өңірдің орман өңдеу ісі алға жылжиды.

«Қазіргі уақытта Еуропа елдерінде түйіршіктер, өнеркәсіптік чиптер және отын брикеттері сияқты қатты отынға сұраныс жоғары. Шамамен 6 млн тоннаны құрайды. Финляндия мен Дания сияқты елдерден біздің кәсіпорындарға жоғарыда аталған өнімдердің үлкен көлемін жеткізуге бірнеше рет сұраныс келіп түсті, сонымен қатар олар экспорттауға тыйым салынған жағдайда да осы салаға инвестиция салуға дайын. Біздің облысымызда баламалы отынның осы түрін өндіруге дайын кәсіпорындар жеткілікті. Бірақ экспорттауға қойылған шектеулер мен ішкі сұраныстың өте төмен болуына байланысты олар дамымайды», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Ерік Увалиев.

10 маусымда министрлік бұл бұйрықты тағы алты айға ұзартады. Айта кетсек, өңірде ағаш қалдықтарын өңдеумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар. Бұл – 100 мың текше метрден астам шикізат. Тағы облыста 500-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспорттық түсімді арттыру есебінен бюджетке жыл сайын 500 млн. теңгеге жуық тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Осыған байланысты СҚО Кәсіпкерлер палатасы уәкілетті органдарды бұл мәселені Үкімет деңгейінде тағы бір қарауға және отандық өндірушілердің пайдасына шешуге  шақырады.

Тағы оқыңыз: Кофе пайдалы ма әлде зиян ба: Дәрігерлер пікірі

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x