Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Президент өз құттықтауында ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасынан ерекше орын алатынын атап өтті. Сонымен қатар, халықты білімге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке шақырғанын және қоғамды бірлік пен келісімді сақтауға үндегенін тілге тиек етті.
«Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз. Ақын жұртшылықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді бүкпесіз айтып, халқымызды бейқамдық пен жалқаулықтан аулақ болуға шақырды. Хакімнің «Толық адам» идеясы – әрбір азаматты рухани кемелденуге үндейтін және ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мазмұны терең тұжырым. Абай қара сөздерінің тағылымы қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» тұғырнамалық идеялары – Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі. Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», — деді Президент.
Тағы оқыңыз: Құрылтай сайлауы: өңірлерде саяси күнтәртібі қалай түзіледі?

