Қыркүйек айында Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Олар білім беру, зейнетақы жинағы, тұрғын үй, декларация тапсыру, жануарларды қорғау және құжат рәсімдеу салаларына қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.

Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Бірінші тоқсан сегіз аптаға созылады. Күзгі каникул 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады. 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіліп, қалыптастырушы бағалаудың маңызы артады. Оқушының белгілі бір бөлімді қаншалықты меңгергенін анықтау үшін аралық бағалау жүргізіледі.

Сонымен қатар 5-7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» міндетті курсын оқиды. Ал 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» курсы енгізіледі. «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны да жаңартылады.

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушыларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50% болатын. Қаражаттың қанша бөлігін және қай басқарушыға беретінін салымшы өзі таңдайды. Бұл міндетті емес: өтініш берілмесе, жинақ бұрынғыдай БЖЗҚ-да Ұлттық банктің басқаруында қалады.

15 қыркүйек – 2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысанындағы және кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияларды тапсырудың соңғы күні. Ал декларация қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеу қажет болса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу керек.

14 қыркүйектен бастап мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды бөлу тәртібі өзгереді. Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70%-ы жеңілдік санатындағы азаматтарға беріледі. Оның кемінде 20%-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кемінде 50%-ы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады. 

4 қыркүйектен бастап қараусыз жүрген иттер мен мысықтарға қатысты ережелер де өзгереді. Мысықтардың санын реттеу мақсатында оларды эвтаназиялауға тыйым салынады. Ал иттердің санын реттеу үшін эвтаназияға рұқсат беріледі. Сондай-ақ бұл шара ауру, агрессивті немесе белгіленген уақытта иесі табылмаған иттерге қолданылуы мүмкін.

Тағы бір өзгеріс шетелде жүрген қазақстандықтарға қатысты. 1 қыркүйектен бастап арнайы жүйеге қосылған консулдықтарда паспорт рәсімдеу мерзімі 90 күннен 40 жұмыс күніне дейін қысқарады. 14 жасқа толмаған және ЖСН-ы жоқ балаларға ЖСН-ды паспортпен бірге рәсімдеу мүмкіндігі беріледі.

Тағы оқыңыз: Қыркүйекте СҚО-да өтетін спорт жарыстары

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *