Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Петропавлға синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізуге жол бермеді. «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тоқтатылған көліктен 120 грамм α-PvP тәркіленді. Күдікті есірткіні қала көшелерінде сатпақ болған деген күдікке ілінді, деп жазады Qazaqstаn Media.
Полиция мәліметінше, есірткі сатуға күдікті – Жамбыл облысының 42 жастағы тұрғыны. Ол тәулікке жалға алынған Chevrolet Cobalt көлігімен Петропавлға кірмек болған.
Полицейлер автокөлікті «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде салоннан психотроптық зат салынған оралған пакеттер табылды. Сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 120 грамм α-PvP екенін анықтады.
42 жастағы жүргізуші аса ірі мөлшерде есірткі сатуға күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды. Медициналық куәландыру оның каннабиноидтарды қолданғанын көрсеткен.
Күдіктіге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері СҚО-да облыс орталығына есірткі жеткізудің 26 арнасы тоқтатылған.
Тағы оқыңыз: 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді

