Әр жұмыста бақылау мен жауапкершілік қажет – Мұрат Абдулов

Кішкенекөлде аудан әкімі Мұрат Абдуловтың төрағалығымен аппараттық жиын өтіп, онда құрылыс, сумен жабдықтау және автомобиль жолдары саласындағы жобаларды іске асыру барысы сөз болды. Сондай-ақ отырыс барысында қызылшамен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдайы талқыланды. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аумақтық және аудандық ведомстволардың басшылары қатысты. Ал ауылдық округ әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бірінші мәселе бойынша Уәлиханов ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәлима Әбікеева есеп берді. Ол биыл ауданда алты жоба іске асырылып жатқандығын айтты. Оның бесеуі 2023 жылы басталған.

«Бүгінгі күні Қулыкөл ауылында таратушы желілері бар су үдемелі мұнараларын салуға жалпы сомасы 475,4 млн теңгеге және Қайрат ауылында жалпы сомасы 433,7 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Одан өзге, Көктерек ауылында демалыс орталығының құрылысы басталмақ. Жоба құны – 154, 2 млн теңге», – деді жиын барысында Сәлима Әбікеева.

Дәл осындай жұмыстар Амангелді ауылдық округінің Тілеусай, Ақбұлақ ауылдық округінің Жас ұлан ауылында жүргізілмек. Сөйтіп, алдағы уақытта елді мекендерде демалыс орталықтары пайда болады.

2021 жылы Кішкенекөл ауылында жабық мұз айдынының құрылысы басталған. Жоба құны – 164,9 млн теңге. Оған сол жылы облыстық бюджеттен 90 млн теңге бөлінген болатын. Соның тек 45 млн теңгесі ғана игерілген.

Сәлима Әбікеева жиынға қатысушыларды жолдарды жөндеуге қатысты жобалардан да хабардар етті. Биыл аудандық маңызға ие «Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл» автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жалғасады. Ұзындығы 48,8 шақырым болатын «Көктерек – Тоспа – Жасқайрат – Қайрат» аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу жүргізілуде. Оған 536 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау көзделіп отыр. Қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр.

«Сондай-ақ «Ақтүйесай-Күзексай», «Ақбұлақ-Жас ұлан», «Қулыкөл-Қайрат-Береке» сынды аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге сараптама қортындысы шықты. Дәл осындай қорытынды Қондыбай және Көбенсай ауылдарына кіреберіс жолды жөндеуге де жасалған. Биыл Ақбұлақ ауылының көшелерін жөндеуге 200 млн теңге, ал Ақтүйесайдағы ауылішілік жолдарды жөндеуге бюджеттен 185 млн теңге қарастырылған. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарына конкурс жарияланды», – деді Уәлиханов ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Аудан басшысы Мұрат Абдулов әрбір жобаны тиянақты орындап, басынан аяғына дейін сүйемелдеу қажет екендігін тапсырды. Округ әкімдері жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тұрақты түрде бақылап отыруы тиіс деді.

«Округ әкімдері жасалып жатқан жұмыстарды ұдайы бақылап, әрдайым орнында болуы тиіс. Құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдері мен авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарымен үнемі байланыста болуы шарт. Яғни, жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын жіті қадағалау керек», – деп тапсырды Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов.

Кейін көктемгі әскерге шақыру науқаны жайында сөз болды. Жиналғандар алдында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Жангелді Айтмұханбетов баяндама жасады. Бұдан соң аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әсел Қойбағарова сөз алып, қызылша ауруына қатысты ахуалды баяндады.

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x